Нұр-Сұлтан
Қазір
8
Ертең
20
USD
447
-0.91
EUR
476
-2.17
RUB
4.79
+0.03

«Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті — БҰҰ-ның ресми құжаты

276

2016 жылдың 31 наурызында Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтында жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті — халықаралық саясаттың, экономика мен құқықтың, сонымен қатар ең маңыздысы — жалпыадамзаттық құндылықтардың, кәдімгі адамгершілік пен адамзаттық парасаттың халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін қамтитын кешенді құжат.

Нұрсұлтан Назарбаевтың осы манифестінде айтылатындай,

соғыссыз әлем – бұл, бірінші кезекте, халықаралық қаржы, сауда-саттық және даму саласындағы жаһандық бәсекелестіктің әділетті парадигмасы.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында Қазақстан Жаһандық Стратегиялық Бастама-2045 Жоспарын жасау бастамасын ілгерілетті. Бұл Жоспар соғыстар мен жанжалдардың түбегейлі себептерін жоюды көздейді. Барлық ұлттардың инфрақұрылымға, ресурстар мен нарықтарға теңдей және әділетті қолжетімділігі негізінде дамудың жаңа үрдісін қалыптастыру маңызды. Оны БҰҰ-ның 100 жылдығы мерейтойына қарай жүзеге асыру ұсынылып отыр. Қазақстан 2016 жылы БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды ұсынады. Оның барысында ХХІ ғасырда қиратып-бүлдіруге әкеліп соқтыратын соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында халықаралық құқықтың қағидаттарын қуаттаған жөн. Ақыл мен үнқатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыру әректі жаһандық әлем қарсыластарының ақпараттық шабуылдарының құрбандықтарына айналмауы тиіс. ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек. Бұл – шетін мәселе! Адамдардың өткен ғасырдағы жасағаны секілді, ХХІ ғасырда да бейбітшілік үшін байыптылықпен және табандылықпен күресу керек. Біз балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы туралы ойлауға тиіспіз. Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін бүкіл әлем үкіметтерінің, саясаткерлерінің, ғалымдарының, бизнесмендерінің, өнер қайраткерлерінің және миллиондаған адамдарының күш-жігерін жұмылдыру қажет. Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқан кейіп көрсету әлемдік апатпен барабар.

Бұл құжаттың халықаралық құқық тұрғысынан қарағандағы кейбір жекелеген тұстарын Құқық мектебі, Қазақстанның менеджмент, экономика және болжау институты университетінің (ҚМЭБИ) халықаралық және қылмыстық құқық жөніндегі ассистент-профессоры Сергей Саяпин былайша түсіндіреді:

— Мен өзімнің ғылыми және тәжірибелік салама байланысты «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесті құжатындағы халықаралық құқық мәселелеріне тоқталайын.

Бейбітшілік мен соғыс — факт жүзіндегі құбылыстарға ғана емес, заң жүзіндегі құбылыстарға да жатады.

Сол себепті бейбітшілікке бағытталған бастамаларды халықаралық құқықтық құралдар мен тетіктердің көмегімен жүзеге асыруға әбден болады. Кейбір сыншылар мұндай бастамалар өміршең емес, одан іс жүзінде пайда жоқ-мыс дегендей пікірлерді жиі айтады. Ал шын мәнінде ол дәл қазір өмірдің бар саласында жұмыс істеп тұр емес пе: мемлекеттер бір-бірімен тауарлар мен қызмет түрлерін өзара сауда-саттыққа салуда, мемлекеттер арасында жұмыс күші мен капитал еркін көшіп жүр, көліктік коммуникациялар жұмыс істеуде, адамдар турист ретінде, не болмаса жұмыс бабымен не білім алу үшін басқа елдерге сапар шегіп жүр, әлем бойынша миллиондаған халықаралық білім беру және мәдени бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылуда, мысалы, мемлекеттер халықаралық қылмысқа қарсы, климаттың өзгеруіне байланысты, денсаулық сақтау, адам құқықтарын қамтамасыз ету және өзге де көптеген салалар бойынша ынтымақтасып, ықпалдасып, бірлесе күресіп, бірлесе жұмыс істеп келеді. Мемлекеттер арасындағы өзара ықпалдастық салаларының көптігі соншалық — бәрін тізіп шығу мүмкін емес.

Бұл жердегі ең маңызды мәселе — мемлекеттер арасындағы кез-келген ынтымақтастық халықаралық құқықтармен реттеледі.

Сол себепті мемлекеттер екіжақты немесе көпжақты өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық ережелерін орната отырып, содан кейін халықаралық келісімдер түрінде немесе халықаралық дәстүр ретінде, мемлекеттің міндетті деп саналатын тәжірибесі ретінде бекітілген сол ережелерді сақтайды.

Әрине, егер мемлекет халықаралық құқықты бұзса, оған қатысты халықаралық жауапкершілік шаралары қолданылады — саяси немесе материалдық жауапкершілік жүктеледі. Ал енді халықаралық құқықты бұзу бір немесе бірнеше мемлекеттің мүдделеріне қайшы болса, құқық бұзған мемлекеттің халықаралық жауапкершілігі жөніндегі мәселені жаңағы мүдделеріне нұқсан келген мемлекеттер көтереді. Егер де құқық бұзушылық одан да ауқымды болып, барша мемлекеттер қауымдастығының мүдделеріне нұқсан келтірсе, онда мемлекеттер халықаралық құқықты бұзушыға ықпал ету үшін бірлесе күш салады. Онда да тек халықаралық құқықтық құралдар мен тетіктердің көмегімен құқық бұзушы мемлекеттің құқық бұзуын доғаруға, құқық бұзылмай тұрған кездегі жағдайды қалпына келтіріп, келтірілген шығындарды қайтаруға міндеттейді.

1945-ші жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылғаннан кейін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік — халықаралық құқықтармен қорғалатын құндылық деп танылды. Ал Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін мемлекеттердің әскери күштерге жүгіну құқығы шексіз дерлік еді. 1919 жылы Ұлттар Лигасы Статутында жазылған шектеулер көбіне формалды сипатта болды да, сол себепті Ұлттар Лигасы Екінші дүниежүзілік соғыстың алдын ала алмады. Ал енді Біріккен Ұлттар Ұйымы өз кезегінде жаңа әлемдік соғыстың алдын алу міндетін айтарлықтай сәтті орындай алды — 1945-ші жылдан кейін де өкінішке орай, ұлы державалардың мүдделері тоғысқан көптеген локалды қарулы қақтығыстар орын алса да, жаһандық соғыс катастрофасы орын алмады. Бұл сөзсіз, БҰҰ-ның белгілі бір жетістігі болып табылады.

БҰҰ Жарғысын құрастырушылар 2(4), 42 және 51 баптарда мемлекеттердің өзге мемлекеттердің территориялық тұтастығы немесе саяси тәуелсіздігіне қарсы әскери күш қолдану немесе БҰҰ масқаттарына сай келмейтін басқа да жолдармен қоқан-лоққы көрсетуіне құқығы жоқ деп тікелей жария етті,

сондай-ақ, осы тыйымға қатысты екі бірыңғай жағдайға рұқсат етті — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша ұжымдық әскери шараларға және мемлекеттерге өзін-өзі қорғау құқығына рұқсат берді. Одан шығатын қорытынды, мемлекет БҰҰ Жарғысына сай емес жолмен басқа мемлекетке қарсы әскери күш қолданған кезде бұл халықаралық құқықтың жұмыс істемейтінін емес, халықаралық құқықтың бұзылғанын білдіреді — содан барып құқық бұзушы мемлекетке халықаралық саяси немесе материалдық жауапкершілік жүктеледі. Ол аздай, БҰҰ Жарғысының бұзылуы сияқты аса ауыр құқық бұзушылық жасалғанын есепке ала отырып, мемлекетті заңсыз күш қолданғаны үшін жауапқа тарту мәселесін әскери шабуылға тап болған мемлекет қана емес, жалпы, кез-келген мемлекет көтере алады — БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың өрескел бұзылуына жол бермеу мақсатында мемлекеттерді өзара ықпалдастыққа міндеттейді.

Дәл қазіргі заманда халықаралық құқықтың негізгі міндеті осы құқықты «заманауи» ету,

оны «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде айтылған қазіргі күнгі қауіп-қатерлер мен болашақ сын-тегеуріндерге төтеп бере алатындай ету. Өйткені кезінде БҰҰ Жарғысын құрастырғандар трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, киберқылмыс, кей кездері бүкіл бір мемлекеттерге үлкен қауіп төндіретін халықаралық терроризм, заңсыз қару-жарақ саудасы және есірткі саудасы, сондай-ақ қазіргі заманның мемлекеттері күресіп келе жатқан басқа да көптеген түрлі қауіпті қылмыстық құбылыстардың белең алатынан білген жоқ қой. Негізі, құқықтың туындаған қауіп-қатерлерге қарсы күресті кешігіп барып бастайтыны қалыпты құбылыс, бұл жерде ең бастысы — құқықтың жауапсыз қалмай, өз тарапынан қарымта қорғаныс әрекеттерін кеш болса да жасағаны. Бірақ та шыны керек, қазіргі заманауи халықаралық құқықтың кемшіліктері аз емес. Агрессия көрсету қылмысы үшін жеке қылмыстық жауапкершілік енгізу тетігі әлі күнге дейін жұмыс істемей отыр — мысалы, Нюрнберг және Токио процесстерінен кейін агрессиялық соғысқа дайындалу, оны жоспарлау және бастап кеткені үшін ешкім қылмыстық жауапкершілікке тартылмады.

Оның үстіне, халықаралық құқықта әлі күнге дейін халықаралық терриоризмге қатысты бірыңғай анықтама да жоқ.

Қару-жарақтың жаңа түрлері халықаралық гуманитарлық құқыққа сәйкестігіне қатысты тексеруден өтуі тиіс. Экологтер климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны сауықтандыру мәселелерінде бизнес пен мемлекет тарапынан жүйелі қарсыластыққа тап болуда. Қазақстан Республикасының президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде атап көрсетілген осы және өзге дә мәселелер мемлекеттердің тізе қоса ынтымақтасып, бірігіп күш салу арқылы жедел арада реттеуді талап етеді.

Әрине, ол үшін сәйкесінше, тиісті саяси ерік пен ресурстар керек. Әлем бойынша бюджеттер, ақша-қаражатты әскери мақсаттарға жұмсауды азайтып, оны құқық қорғау мақсаттарына көбірек бағыттау қажет.

Тек қана қылмыстық-құқықтық шараларды қолдану арқылы халықаралық қылмыспен күресу тиімді бола қоймайтынын түсіну керек — бұл жерде қаражатты экономика, даму мен білім беруге салған дұрыс, сонда ғана қылмыс деңгейі төмендейді. Тұрмыстық деңгейдегі қылмыс та, ұйымдасқан қылмыс та азаяды.

Өркениеттер арасындағы және дінаралық диалогты даму керек — сол арқылы адамдар ең алдымен өздерінің адам екен түйсінгені қажет. Осы жерде менің есіме Бернард Шоудың мына сөздері түсіп кетеді: «Енді міне, біз құс сияқты аспанды ұшуды үйренгенде, су астында балық сияқты жүзуді үйренгенде бізге тек бір-ақ нәрсе жетіспейді: жер бетінде адам сияқты өмір сүру». Халықаралық құқықтың осы бір адамгершілік мақсатқа жету жолындағы рөлі тым құнды, өйткені халықаралық құқық — адамзаттың ортақ тілі, керек десеңіз, барша мемлекеттер мен жер бетіндегі барша халықтардың құндылықтар каталогы, оның құндылығының шын мәніндегі маңыздылығы соншалық, тіпті адамзаттың жер бетінде аман қалуы да оған деген құрметке тәуелді.

1899 жылы Гаагада Бірінші әлемдік бейбітшілік конференциясы болып өтті. Онда көптеген мәселелердің ішінде Еуропадағы қарусыздандыру мен халықаралық дауларды реттеу мәселелері қарастырылды. 2019-шы жылы осы бір тарихи оқиғаға 120 жыл толады. Екінші әлемдік бейбітшілік конференциясы да сондай-ақ Гаагада 1907-ші жылы өтті. Меніңше,

егер де Қазақстан Республикасы Бірінші әлемдік бейбітшілік конференциясының алдағы жылы болатын осы бір мерейлі датасына байланысты Астанада «Әлем. ХХІ ғасыр» манифестінде айтылған келелі мәселелерді күн тәртібіне шығарып, заманауи бейбітшілік конференциясын шақырып, ұйымдастырса, бұл шынымен де халықаралық құқықты дамыту жолындағы және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту жолындағы шын мәніндегі тарихи қадам болар еді.

2019 жылға қарай Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі екі жылдық мүшелігі аяқталмақ. Соған орай, Орталық Азия мемлекеттері ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған ең алғашқы мемлекет ретінде Қазақстан жер бетінде бейбіт әлемді құруға бағытталған бірқатар халықаралық бастамаларды жүзеге асыра алар еді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз