Астана
Қазір
-6
Ертең
5
USD
361.15
-4.34
EUR
414.71
-5.64
RUB
5.53
-0.07

«Алексейді Арнұр деп, сүндеттеп тастадық» — Меркіде көпбалалы ерекше отбасы тұрады

Ғалым Арыстанбаев – 11 баланың әкесі. Ол Жамбыл облысы, Меркі аудандық Ішкі істер бөлімінің жол-потрульдік полициясында қызмет атқарады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы 8 баланы балалар үйінен асырап алған. Үлкенінің жасы 16-ға келсе, кенжесі – екі жаста, деп жазады el.kz.

«Бала асырап алу идеясын жұбайым айтты. Ал мен оған еш қарсылық білдіргенім жоқ» – дейді Ғалым.

Отасқандарына он жыл болған Ғалым мен Әлияның 3 ұлы бар еді. Ендігі мақсат – балалар үйінен қыз баланы алып келу.

«Меркідегі жергілікті балалар үйіне ойыншықтар мен тәттімізді көтеріп бардық. Ойымызда жасы кішірек қыз баласын бауырымызға басу. Бірақ, Алланың бұйыртқаны шығар, ықыласымыз жасы үлкендеу қызға ауды. Демалыс күндері арнайы барып, сұрап, үйге әкеліп, бірге қыдырып жүрдік. Айта кетерлігі, оның қасында сіңлісі, інісі және құрбысы бар. Бауырларды бір-бірінен айырғымыз келген жоқ», – дейді көп балалы әке.

«Балалар үйіне кіргеннен байқағаным олар біздің апарған ойыншық не тәттімізге ұмтылып жатқан жоқ. Оларға ойыншық, тәттіден гөрі аналық, әкелік махаббат жетіспейтіндігі көрініп тұрды. Бізді қуанышты жүзбен қарсы алып, жақындап, бауырымызға кіргілері келеді. Ондай баланы қалай кеудесінен итересің. Бұл қадамға бармас бұрын ата-анамызбен ақылдастық, ол кісілер де қолдап, демеу көрсетті. Бір қызымызға барамыз деп, төрт балалыны үйге алып қайттық. Содан кейін тағы бір баланы Тараз қаласындағы «Үміт» сәбилер үйінен алып келдік. Міне, осылай үлкен отбасыға айналдық!», – дейді жұбайы Әлия Көбегенова.

Отбасы 2017 жылдың көктемінде тағы 3 балаға көбейді.

Бір қызығы, балалардың ұлттары әр түрлі. Олардың ішінде өзбек, қытай, әзербайжан, сыған, ұйғыр, татар, орысы бар.

«Алексей атты баламыздың атын Арнұр деп өзгертіп, сүндетке отырғызып, дүркіретіп той жасадық. Білесіз бе, жұмыстан үйге келгенде алдымнан шулап жүгіріп шыққанда, бар шаршауымды ұмытып кетемін. Олардың жүзіндегі қуаныш, сыңғырлаған күлкілері өмірді тіпті гүлдендіре түседі. Өз ата-анасынан алмаған жылулықтың орнын толтыруға барымызды салып келеміз».

«Алғаш келгенімде тартынып, ұялып, басқа балалармен бірден араласып кете алмадым. Бірақ, таныса, сөйлесе келе бәрі оң шешілді. Сұрайтын нәрсем көп болған соң, анамның қасынан бір елі қалмай жүргенім есімде. Болашақта есейіп кетсем де, анам мен әкемнің жағдайын білу үшін үйге жиі келіп тұратын боламын. Бұл – менің үйім. Осында өзімді шын бақытты сезінемін». Бұл қызы Гүлжан Табылованың сөзі.

Әлия алғашында бұл «қонақтарды» өз балалары қалай қабылдайды деген қорқыныштың болғанын жасырмайды. Бірақ, бір-бірімен тіл табысып, шын бауырдай араласып кеткенін көргенде күдігі бекер болғанын түсінген. Ғалым мен Әлия олардың сабағын әрдайым қадағалап отырады. Мұғалімдермен жиі байланысып, кез келген мәселесін жылдам шешуге тырысады. Ешқашан ата-аналардың жиналысынан қалған емес. Балалары да ата-анасының үмітін ақтап, бірнеше аудандық жарыстардан жүлде алып, қуантып жүр. Әлияның мамандығы педагог, бірақ қазір бала тәрбиесімен үйде отыр.

Ғалымның айтуынша, балалардың туған әке-шешелерімен байланысқа шығып көрмепті. Үшеуінің аналары қайтыс болып кеткен екен. Қалғандарынан хабар жоқ. Оларға биологиялық ата-ананың ешқандай қажеті де жоқ екеніне толық сенімдіміз.  Өздерін қазақпыз деп санап, тек қазақша сөйлеседі.

Ғалым Арыстанбаев балаларының айтулы азамат болып өсіп, өз еліне адал қызмет етуін армандайды.

«Жетімін жылатпаған қазақ емеспіз бе? Алла нәсіп етсе, болашақта тағы да шаңырағымызды кеңейтіп, бірнеше баланы асырап алу жоспарда бар. Біз секілді отбасылар көбейсе құба-құп».

Мен үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасаның жеңімпазы атану үлкен мақтаныш. Бізді ел танып жатыр. Танығаннан бұрын үлгі ретінде өздері де біздің жолмен жүрсе деген ниет қой. Президент Н.Назарбаевпен кездесудің осылай сәті түскеніне қуаныштымын. Елбасының сөйлеген сөзін ұмыту мүмкін емес: «Мен сіздерді әрқайсысыңыздың тарихыңызбен, оқиғаларыңбен жеке-жеке танысып шықтым. Сіздер осы қоғамды жақсартуға өз үлестеріңізді қосып келе жатқандарыңыз үшін «100 жаңа есімнің» қатарынан табылып отырсыздар. Енді, сіздердің барлықтарыңыз ел батырысыздар»! Осы сөздерін ақтау үшін, қоғамымызды жақсарту үшін тағы да еңбектене бермекпіз», – дейді Ғалым.