Бүгін Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен «Аманат» интеллектуалдық пікірсайыс клубы ұйымдастыруымен «Алаш айтқан асыл сөз» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Аталған жинақ Қазақ елі Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Алашорда мемлекетінің басшысы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығына орай жарыққа шығып отыр.
Іс-шараға астаналық зиялы қауым өкілдері мен алаштанушы ғалымдар қатысты. Жоба авторы Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Берік Уәли, ал кітапты құрастырушы журналист Серік Жолдасбай мен тарихшы Еркін Ерланұлы. Берік Уәлидің айтуынша, кітапта Әлихан Бөкейханнан бастап Смағұл Сәдуақасұлына дейінгі Алаштың 25 арысының қанатты сөздері мен ой-толғамдары топтастырылып отыр.
– Негізі Алаш арыстарының қанатты сөздерінің кітап болып жарыққа шығуы тегін емес. Өйткені кітап авторлары Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 25 Алаш арысының қанатты сөздерін оқырман қауымға сый ретінде ұсынып отыр. Елінің еркіндігі мен тілі, діні, мәдениеті жолында аянбай еңбек етіп, сол жолда құрбан болған алаш арыстарының тағылымы мен тәрбиесі терең сөздері бүгінгі қоғамымызға ауадай қажет. Ендеше, қайраткерлеріміз айтқан бір ауыз сөзі әр қазақтың кәдесіне жарар деген ойдамыз, – дейді Берік Уәли.
Өкінішке қарай, Алашорда үкіметі 2 жыл 3 ай Тәуелсіз мемлекет ретінде өмір сүріп, 1920 жылы Кеңес үкіметін мойындайды. Алайда олар Кеңес үкіметінің сапында жүріп, қазақ халқын ағартуға күш салды.