Жұртқа берілуі тиіс 10 жүздік жерді құрылыс компаниялары алып, біртипті үйлер салып сататын болса, баспананың бағасы аспандап кетуі мүмкін. Мәжіліс депутаттары осыған алаңдап отыр.
Бұл туралы 31 арна хабарлап отыр.
Себебі құрылыс компаниялары өз пайыздарын міндетті түрде қосады. Онымен қоймай ақшаны алып, үй тұрмақ іргетасын салмай кететіндер жетерлік. Сондықтан құрылыс компанияларына 10 жүздік жерді беру қауіпті деген депутаттар ипотекалық несиені де 8 пайыздан асырмауды талап етпекші. Бірақ Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаны әлі әзірлемепті. Дегенмен депутаттар халықтың наразылығын тудырып алмау үшін бүгіннен бастап бағдарламаны бірге жасауға кіріспекші.
– Мүмкін оларға белгілі бір жобаларды ұсыну керек шығар, өздері салып алатындай. Біреуінің 3 баласы бар, біреуінің он баласы бар соған ыңғайлап, қаражатына ыңғайлап салып алатындай етуіміз керек. Ал егер олардың орнына біз басқа құрылыс компанияларына жұмыс істететін болсақ, құрылыс компаниялары ғана салатын болса онда үйлердің бағасы қымбаттап кетуі мүмкін.