Ақтөбеде 13 сәуір күні далаға шығып, кейін үйіне оралмаған Біржан Ерсайыновты іздеуге бес күн кетті.
Құтқарушылар баланың денесін бүгін таңертең өзеннен тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұған дейін 13 сәуір күні мектеп оқушысының жоғалып кеткенін хабарланған болатын. Біржан Ерсайынов ойынға шығып, кейін оралмаған. Іздеу жұмыстарына ауыл адамдары мен мұғалімдер, еріктілер қатысты. Ал өзен ағысының қаттылығы мен лай су сүңгуірлердің жұмысына кедергі келтірген. Олар моторлы қайықпен шығып, кейін өзеннің ауылға апарар жолын шолып шықты. Ал бүгін таңертең баланың денесі Жіңішке өзеніндегі қамыс арасынан табылды.
«Баланың мүрдесі Жіңішке өзенінен табылды. Құтқарушылар мүрдені балалар ойнап, жоғалған жерден 800 метр қашықтықтан, қамыс арасынан алып шықты. Өзеннің деңгейі төмен түсіп, бала денесі су бетіне қалқып шыққан. Мүрдесі ішкі істер органдарына берілді»,- деді Ақтөбе облыстық ТЖД жедел-құтқару жасағы кезекші-диспетчерлік қызметінің жетекшісі Оксана Кичигина.