Ақтөбеде Дина Досақова есімді әйел бала сүйе алмай жүрген баласы мен келініне жаңа туған сәбиді сатып алып берген. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Қаладағы ювеналды сот перзентханадан шыға сала сәбиін саудаға салған Жанна Ақаласова есімді келіншектің ісін қарап жатыр. Ол бұған дейін де 2009 жылы балалы болып, бірақ оны балалар үйіне өткізіп жіберген екен. Өзі бұрын тұрмыс құрмапты. Енді сот алдында “кәмелетке толмағандар саудасын” іске асырғаны үшін жауап беруде. Айтуынша, айыптаумен толық келіспейді. Ол басында баланы сату туралы мүлде ойламапты.
“Аслан есімді жігіттен жүкті болып қалдым. Өзім автобуста кондуктормын, пәтер жалдап тұрамын. Қожайындарым менің екіқабат екенімді перзентханаға бара жатқанда бір-ақ білді. Ол кезде жеке куәлігім кепілде жатқан”
– дейді әйел.
“Жанна Ақаласова 2017 жылдың 16 қаңтарында босанды. Перзентханада жатқан кезде ол Дина Досақовадан хат алып тұрған. Ол перзентханадан 18 қаңтар күні шығып, сол жерге келіп тұрған Д.Досақоваға баланы ұстатады. Кешкілік Ақаласоваға баладан бас тарту туралы қолхат беріп, ақшаны алды»,- деді прокурор.
Ал Дина Досақова болса, олардың арасында ақша туралы келісім мүлде болмады дейді. 60 мың теңгені тек алғыс ретінде беріпті.
“Жасым осыншаға келгенде мұндай қиындыққа тап боламын деп ойламадым. Қазақтың баласы жетім өспесін деп бауырымызға басқымыз келді”, – дейді Досақова.
Ал екі ортада сенделген сәби қазір “Үміт” сәбилер үйінде. Үш айлық баланың денсаулығы жақсы. Ал айыптаушылардың кінәсі толық дәлелденетін болса, онда 7-10 жыл көлемінде бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.