Ақтаудағы №25-425 әскери бөлімінде сарбаз өлі күйінде табылды. Келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген 24 жастағы Нұрлан Ерназаров казарманың ішінде асылып қалған.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Жауынгерді өз-өзіне қол салуға не итермелегені әзірге белгісіз. Оның жансыз денесін кеше қаруластары тауыпты. Нұрлан Ерназаров сол күні жалғыз өзі кезекшілікте болған.
Қатарластарының айтуынша, мұндай әрекетке баратындай қызмет бабына қатысты ешқандай жанжал болмапты. Бөлім басшылары да әскери оқу-жаттығуларда үздік нәтиже көрсететін маңғыстаулық жігіттің мұндай сұмдық қадамға баруына не себеп болғанын түсіне алар емес.
“Расыменде, әскери бөлімде сарбаз суицидке барды. Қазіргі таңда сараптама тағайындалып, құқық қорғау органдары оқыс оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Қайтыс болған жауынгер ешкімге зияны жоқ жігіт еді”, деді 25425 әскери бөлімінің басшысы.