Ақтау қалалық соты ірі контрабанданы ұйымдастырған қылмыстық топтың басшысына үкім шығарды. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы халықаралық іздеуде болған. Бас прокуратураның сұранысы бойынша ол Әзірбайжаннан экстрадицияланды. Топтың қалған мүшелері бұған дейін әртүрлі жазалар үшін жауапқа тартылған болатын.
«Ақтау қалалық соты Қазақстан азаматын қылмыстық топ құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті. 2016-2018 жылдар аралығында адамдар тобы құрылыс материалдарын жеткіземіз деген желеумен Ираннан Қазақстанға кеден шекарасы арқылы құны 1 млрд теңгеден асатын темекі мен табак тасымалдаған. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», – делінген Бас көлік прокуратурасы таратқан хабарламада.
Жалпы, темекі өнімдері контрабандасы мен контрафактісі Қазақстан экономикасына қауіп төндіріп отыр. Атап айтсақ, Қазақстан 2023 жылы 32 миллиард теңге ($69 млн) көлеміндегі салық түсімінен айырылды. Бұл ЕАЭО елдері арасында Ресейден кейін ең көп зардап шеккен мемлекет.