8 желтоқсан күні Астанада өнер, спорт, ғылым, журналистика, кино және театр саласында көзге түсіп жүрген еліміздің бір топ талантты жастары мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығына ие болды.
“Биылғы “Дарын” сыйлығын табыстау Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тұспа-тұс келіп отыр. Осы уақытқа дейін 200-ден астам адам марапатталып үлгерді. Олардың қатарында Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Данияр Елеусінов секілді спортшыларымыз, Қыдырәлі Болманов, “Музарт”, “Жігіттер” тобы тағы басқа азаматтар бар. Бұл жолғы сыйлыққа ие болғандар да өте талантты жастар”, – деді министр Нұрлан Ермекбаев.
Сыйлыққа ие болғандар қатарында тележурналистер Ирина Тен, Нұрсұлтан Құрман, айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов, әнші Қайрат Нұртас, Әли Оқапов, актер Асылхан Төлепов, спортшылар Дмитрий Баландин мен Әділбек Ниязымбетовтер бар.
“Дарын” мемлекеттік сыйлығы – дарынды жастарға берілетін мемлекеттік сыйлық. Ол 1993 жылдан бастап жасы 35-тен аспаған, қоғамдық-әлеуметтік, мәдени қызметтерімен халыққа танылған дарынды жастарға 2 жылда бір рет (ғылым, архитектура, өнер, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы салалары бойынша) беріліп келеді.
Мақсаты – қазақстандық жастардың ғылыми, шығармашылық, қоғамдық қызметіне мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсету, олардың шығармашылық ізденістеріне, қоғамдық бастамаларына және тұлғалық қалыптасуына кеңінен мүмкіндіктер ашу.