Мен – орташа отбасынан шыққан жанмын. Анам бар, әкем ертеректе қайтыс болған. 200 шаршы метр үйім, екі көлігім бар. Жеке кәсібім, оған қосымша жұмысым да бар. Бұрын спортпен шұғылданғанмын, жеті жыл отбасылық өміріміз артта қалды. Отбасымыз ештеңеден таршылық көрген емес.
Үйленгенше қызқұмар едім, мойындаймын.
Ол жұмысынан ертерек шығады. Жақында темекі үшін онымен ренжісіп қалған едік. Мен оның алдап келгенін білдім.
Үйленер алдында темекісін тастадым деп уәде беріп еді. Темекі шеккенін тастаған сияқты болып еді. Менің ойым ұрпағымның дені сау болғаны ғой. Өзім де салауатты өмір салтын ұстанамын. Темекі деген әбден миын кептіріп жіберген бе білмеймін, бірақ мәселе онда емес.
Пәленбай жыл мені алдап келгені, яғни ол өтірік айтуға бейім деген сөз.
Ұрыстан ұрыс шығып, ақыры оның әке-шешесінің үйіне кетуімен тынды. Мені сүймейтінін айтып, баламды алды да кете барды. Өзімнің ақымақтығымнан, сол болмайтын темекі үшін отбасымнан айрылғаныма өзімді кінәләп, үш ай бойы өзімді қоярға жер таппай жүрдім.
Бірақ, қуанышыма орай, ол оралып, қайтадан бірге тұрғысы келетінін айтты.
Жақында оның осы үш айдың ішінде біреумен жатқанын білдім.
Өзінен үш жас кіші жігітпен жүргенін мойындап, бірақ онымен тек сүйіскенін ғана айтты. Тағы да оның сөзіне толық сеніп, қайтадан қосылдық. Бірақ, онда біршама өзгеріс бар сияқты.
Ұялы байланыс орталығынан танысым арқылы әйелімнің қоңырауларын толығымен шығартып алдым. Сондағы білгенім ол әлгі жігітпен соңғы бір жылдай кездесіп жүрген екен. Мен жұмыстан кеш қайтқан күндері онымен жатып жүрген.
Оған бұл естігендерімді, дәлелдерімді әзірге айқан жоқпын, сондықтан ол болашаққа жоспар құрып жүр. Оның мені сүймейтінін білемін. Ол әлгі жігітке тек төсек ләззәты ғана қажет екенін түсініп, маған қайтқысы келген.
Әйтпесе сүйген адам сүйіктісінің көзіне шөп салушы ма еді?
Бір жағынан оны жақсы көремін, екінші жағынан мені алдап келгеніне ішім күйіп барады. Өзге еркекпен сүйісіп, аймаласып, жатып келіп, ертеңінде ұлымызды, мені сүйетінін елестетсем, қаным басыма шығады.
Бұл ойлар менің еңсемді басып барады. Не істеуім керек? Кешіріп, білмегендей жүре беру қажет пе, әлде бәрін айтып, өтірікшінің өтірігін шығарып, көзіне көрсетсем бе екен? Сыным әбден шағылды.
https://kaz.365info.kz/k-jeuimni-k-zine-sh-p-salamyn-246658
Жазып алған: Аяжан Төрехан