Нұр-Сұлтан
Қазір
10
Ертең
8
USD
445
+0.37
EUR
477
+2.08
RUB
4.82
+0.02

Әйелім бай-бастықтардың ойнасы болды

411

Мен ауылдағы орта мектепте мұғаліммін. Әйелім жұмыссыз. Бірақ домбыра, гитара тартуға бейім, аздап ән айтатыны бар еді. Ауылдағы бір тойда жұрт қолқалаған соң әйелім гитарамен сүйемелдеп ән айтты. Тойда Шымкенттен келген бір пысықай келіншек отырған. Сол әйеліме жатты да жабысты.

«Ауылда қор болып жүрсің. Менімен жүр. Менің биші қыздарым бар. Солармен бірге жүріп, қаладағы тойларда ән саласың. Ақша ағылып өзі келеді. Бір жылда үй аласың, қатқан көлік мінесің. Мына әніңмен, мына сұлу, сымбатты түріңмен қашанғы ауылдың шаңына батып жүре бересің. Дөкейлердің көзіне түсесің. Жағдайың жаман болмайды» демесі бар ма?

Содан әйелімнің дегбірі кетті. Мен де ойланып қалдым.

Ақыры әйелімнің әлгі келіншекке қосылып ән салуына қарсы болмадым. Несі бар, көрейік деп шештік.

Шымкент қала біздің ауылдан алыс емес. Телефон арқылы хабарласып тұратын болып, әйелім жүріп кетті. Алғашында жаман болған жоқ. Әйелім бір аптада біраз ақша тапты. Өйткені Шымқала ән мен жырдың, той-томалақтың мекені ғой. Тойдың түрі көп.

«Екеуіміз екі жақта жүргеніміз дұрыс болмас. Жұмыстан шық. Шымкентте пәтер жалдап тұрайық. Қалғанын амалдай жатармыз» деді.

Жұмыстан шықтым. Пәтер жалдадық. Содан бастап Құдай атты. Күнде той. Әйелім сол жақта жүреді. Тіпті түнде үйге қонуды да қойды.

«Қайдасың?» десем, ана тойда, мына дөкейдің тойындамын» дейді.

Көңіліме күдік кірді. Бірақ не істеймін? Әйтеуір үйге мол қылып ақша алып келген соң, үндемедім.

Әйелім құлпырып кетті. Көйлектен көйлек, киімнен киім алды. «Тойда керек» деп қояды.

Денесін жартылай жалаңаштап, қысқа киетін болды. Онысы онсыз да сымбатты денесіне жарасып, сұлулығын аша түсті.

Бір күні түнде әйелімнің дауысынан оянып кеттім. Ұйқысырап жатыр екен.

«Қойшы, Думан аға, күйеуім бар. Ұят емес пе? Қойыңызшы, ах…» деп қояды. Жұлқып ояттым. «Не деп жатырсың. Думан ағаң кім?» – деймін ғой.

Өзі де шошып кетті. «Түу, сен де! Адамның түсіне не кірмейді. Қайдағыны айтпашы», деп аунап түсті.

Содан бастап жаман болдым. Әйелім кейде тойлардан таң ата келеді. Бір-екі рет дәу қара мәшинеден түскенін көріп қалдым. Өкіндім. Баяғыдай мен мұғалімдік қылып, әйелім үйде отырғаны әлдеқайда жақсы екен. Сол күндерді сағынатын болдым.

Бірде «үйленгенімізге біраз болды. Бір шыр еткен керек емес пе?» деп едім, «қазір бала туатын кез бе, спирал салдырып алдым», деп тұр?!

«Кімнен, не үшін қорғанбақсың?» деп едім, «саған бәрібір емес пе!» деп дүңк етті.

Ақыры әйеліме ие бола алмай қалдым. Кейде өзге жақта қонып қалатын болды. Сонда ғана түсіндім. Ол енді маған әйел болмайтынын.

Елдің алдында жартылай жалаңаштанып, билеп, ән салып жүрген әйелге әр еркектің көзі түсетіні белгілі. Ал ақшалы дөкейлер үшін менің әнші әйелім ойыншық.

Бірақ оны түсініп жүрген ол жоқ. Әркімнің құшағында ұшып қонып жүре берді.

Ақыры ажырастық. Әйеліме «ақша тап, әнші бол» деген сөзім үшін қазір қатты өкінемін.

Сондықтан өзім секілді кей жастарға айтарым «әйелің әнші болмасын!». Өйткені менің тағдырымды қайталамаса деймін».

Оңтүстік өңірден келген хат осындай сыр шертеді.

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз