Нұр-Сұлтан
Қазір
-3
Ертең
-14
USD
525
+1.39
EUR
546
-3.47
RUB
5.09
+0.02

Ауыл шопыры: “Бозымбаев, бензинге ақшаны сен бересің бе?”

111

Сол баяғы жаттанды әуен, кішкене өзгертсе қайтер еді?..

„2018 жылы Қазақстан өз-өзін бензинмен толықтай қамтамасыз ететін болады. Сол кезде еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттар жаңартылып бітеді„, – дейді энергетика министрі.

Бұған сенсек, бір-ақ жыл қалыпты, шыдай тұралық, еліміздегі зауыттар бір жылдан соң дүркіреп іске қосылады, содан табысқа қарық боламыз, тапшылық болмайды, баға өспейді-мыс. Бірақ халық ақымақ емес қой. Бұл жырды естіп келе жатқанымызға қаншама уақыт болды?.. Еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттарда жаңарту жұмыстары жүріп жатқалы қай заман?.. Одан бері бірнеше зауыт салып тастайтын уақыт болды емес пе? Одан да:

Біздегі 3 зауыттың толыққанды қуатпен жұмыс істеуі монополистерге тиімсіз, арзан баға деген болмайды, қолдан осылай тапшылық туғызамыз, сөйтіп, түрлі сылтаумен бағаны өсіре береміз. Ал мұнайды игерушілерге оны шикі күйінде сатқантиімді,

– деп шынын айтпай ма?..

Саясаткер Қазбек Бейсебаевтың пікірінше,

өз міндетін орындамаған Үкіметке жаза болмаған соң, осындай былық орын ала береді.

«2014 жылы Үкімет 3 мұнай өңдеуші зауыттарды қайтадан жаңалап, ішкі нарықтағы сұранысты барлық мұнай өнімімен қанағаттандырамыз деп мәлімдеген. Алайда Үкімет бұл міндетін орындамады… Ал одан кейін біздің биліктің уәдесіне қалай сенуге болады?», – деп жазады ол Фейсбуктегі жеке парақшасында.

 

Министрлерді өз сөзі мен уәдесі үшін жауапқа тартатын болсақ, мүмкін, олар халық алдына жиі шығып, шынымен де өтірік айтуын доғарар ма еді, қалай?

Министр Бозымбаев кезіндегі Келімбетовтің күйін кешуде

Мәселен, өткен жылдың бір айы ішінде энергетика министрі Қанат Бозымбаев тек бензин мәселесін қозғап, халық алдына шығып, үш рет мәлімдеме жасапты.

2016 жылдың 1 сәуірінде АИ-92 маркасындағы бензин бізде 125 теңге болған болатын, ол қараша айында 128 теңгеге көтерілді.

1 қараша 2016 жыл:

„ Шымкент зауыты күрделі жөндеуден өту үшін жабылды. Ал Павлодар зауытында құрал-жабдық істен шығып, онда да жұмыс тұралап тұр. Ішкі сұранысты қанағаттандыра алмай жатқандықтан, Ресей бензинін тұтынуға мәжбүрміз, сондықтан баға өсті„

– деді министр Қанат Бозымбаев.

Бағаның өскеніне 20 күн болмай жатып, Қазақстанның көп қаласында бензин тапшылығы орын алды.

Бұл ретте, жанар-жағармай бекеттері тағы баға өсетінін күтіп, оны әдейі сатпай жатыр екен деген сыбыс шықты. Бұл долбарды 21-қарашада министр былайша жоққа шығарды:

„Бүгін жанар-жағармай бекеттерін аралап келдім, жағдай реттеледі. Күн суытып, дизель отындары қатып қалған, есесіне, бензинге сұраныс артқан, сондықтан тапшылық байқалды. Бірақ бұл – уақытша құбылыс„.

Бірақ бір аптадан соң, баға қымбаттап тынды. 29-қарашада АИ-92 маркасындағы 1 литр бензин 130 теңгеге шықты. Енді министр былайша уәж айтты:

„Бензин бағасының мәселесіне келсек, біздегі бензиннің 30 пайызы Ресейден тасымалданады. Ал оларда бензинге қосылатын акциздік салықтың бағасы өскен„.

Ресейде бензинге салынатын салықтың өскені рас, бірақ ол көктемде болып еді.

20-желтоқсанда ҚР Энергетика министрінің жүйкесі сыр берді. Енді қашанға дейін ел алдына шығып ақтала береді. Бірақ бұл жолы оны Үкімет отырысында әріптестері қысты. Олар 2017 жылы бензин тағы қымбаттайды ма, соны білгісі келді. Ал бұл кезде тоқтаусыз өсіп жатқан АИ-92 маркасының 1 литрі 134-135 теңгені еңсеріп қойды.

„Мен ешқандай да болжам жасамаймын! Ішкі нарықтағы инфляцияға қатысым жоқ, ондайды айтпаймын.

Егер баға өседі десем, ол солай болуы да ықтимал. Сондықтан менің ондай болжам жасауға құқығым жоқ„ деп салды министр. Бірақ ол сөз соңында „баға тұрақталуы керек„ деуді ұмытпады.

Министр айтқан тұрақтылық небәрі бір айға жетті. 2017 жылдың ақпанында АИ-92 жанар-жағармай бағасы тағы да құбылды. Енді баға 140 теңгеге жетті.

Министрдің айтуынша, бұл жолғы қымбаттауға рубль бағамындағы өзгеріс әсер етіпті…

Жалпы, бензинге қатысты бұл жайт елімізде қайта-қайта орын алған теңге девальвациясы мен Ұлттық банк төрағасының ақталған кездерін еске түсіреді.

Ол кезде де министрлер теңге бағамының өспейтініне халықты сендіріп әлек болды, бірақ ертеңінде доллар өсіп жатты. Онда да тиындап емес, еселеп өсті емес пе? Құнсыздану екі есеге жүрді, бірақ жалақыда үлкен өзгеріс болмады. Ал бұл жолы тауар мен тарифтерге тікелей қатысы бар бензин еселемесе де ай сайын тиындап қосып, бағасын зорайтып барады.

2018 жылы ішкі нарықты өзіміз қамтамасыз етеміз деген шылғи өтірік

Бензинге қатысты Үкімет ертегісінің құпиясын публицист Жасұлан Көжеков Фейсбуктегі жеке парақшасында былайша жіліктеп берді:

… Үкіметтің мұнай өңдеуші зауыттарды қайтадан жаңалаған соң, ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандырады деуі – ертегі.

Біріншіден, Атырау мұнай өңдеуші зауытын алалық. Ондағы модернизация мұнай химиясын дамытуға бағытталған, яғни, бұл зауытта жанар-жағармай өңдеу көлемі артпайды.

Екіншіден, Шымкент зауытының да жайы мәз емес. Өйткені бұл өңірде шикі мұнай тапшы. Қызылордадағы мұнай өндірісі жылдан жылға кеміп келеді. Биыл да кемиді, өйткені қор аз. Болашақта Шымкент зауыты  мұнайды Ресейден тасымалдамақ, Қытайдың Сібір мұнайынан үмітті.

Үшіншіден, Павлодар зауыты Ресейге тікелей тәуелді. Онда өңделетін мұнайдың басым бөлігі Ресейдікі. Жалпы, бұл зауытты сату керек. Өйткені Батыс Қазақстаннан мұнай құбырын мұнда тарту өте тиімсіз, шығыны көп. Демек, алдағы 5-10 жылда, тіпті, еліміздегі үш мұнай өңдеуші зауытты қайтадан жаңартсақ та Қазақстанда бензин тапшылығы сақтала береді.

Сонда мәселе шешімі қандай?

„Мен мұнайшы емеспін, бірақ мұнай нарығында бір реформаның керек екенін анық аңғарамын. Біріншіден, басты қатырмай, жанар-жағармай бағасын Ресеймен бір-ақ теңестірейік. Бұл – менің ойым. Әрине, баға қымбаттайды. Бірақ бұл бір реттік, есесіне, бағаны қайта-қайта жырпылдата бермейтін боламыз„ – дейді Көжеков.

Бензин нарығындағы монополизмге қарсы заң қабылдау керек

Ал халықаралық экономика сарапшысы Алғатбек Қыдырбек-ұлы елмізде монополияға қарсы заң қабылдап, бұл мәселені біржақты ете алатынымызды айтады.

– АҚШ-та 100 жыл бұрын біздің бензин нарығындағыдай монополизм мәселесі өршіп тұрды. Сонда 1890 жылы монополияға қарсы қатаң заң қабылданды. Ол бойынша, АҚШ-тың монополияға қарсы қызметіне күштеу функциясы берілді, яғни, бұл орган нарықтағы бәсекелестердің өзара келісімі туралы дәйектерді жинап, оны сотқа тапсыруға құқылы болды. Басында бұл заң толықтай күшіне ене алмады. Бірақ ХХ ғасырдың басында Теодор Рузвельт бұл заңды жиі қолдана бастады. Нәтижесінде, мысалы, Америкадағы мұнай өндірісінің 91 пайызын бақылауға алған «Стандарт Ойл» мұнай компаниясы ыдырады.
Әрине, америкалықтар үшін бұл оңай болған жоқ. «Стандарт Ойлға» қарсы іс Рузвельтке дейін 1892 жылы қозғалған болатын, ал компанияның ыдырауы 1911 жылы орын алды. Иә, осылайша, америкалықтар өз экономикасындағы монополизмге нүкте қоя алды, – дейді маман.
Алғатбек Қыдырбек-ұлы бензин нарығындағы теріс құбылыстың негізсіз екендігін жылдар бойғы қарекетсіздік те дәлелдей алатынын айтады.
– Мамандар мәселенің мәнісін, оның шешімін жылдар бойы айтып келеді. Бірақ оған құлақ түріп жатқан бізде біреу жоқ. Бұл жолы да осылай болады, – дейді ол.

 

 

 

 

 

 

 

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз