Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
15
USD
444
-0.87
EUR
476
-0.84
RUB
4.82
0.00

Әлемдегі ядролық қарусыз аймақтар басшылары Қазақстанда бас қосуы мүмкін

133

Нью-Йоркте ұйымдастырылған форум қатысушылары ядролық қарусыз аймақтардың жер бетіндегі айрықша рөліне тоқталып өтті. Олар «ядролық қарусыз аймақтардың (оның ішіне Қазақстан да кіреді) жаһандық ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау ісінде маңызды элемент болып қала беретінін, және де осындай аймақтар ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге бағытталған халықаралық күш-жігердің негізі болуы тиіс», деген негізгі тезисті тағы да бірауыздан атап өтті.

Жиын барысында сөз алған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев өз кезегінде ядролық қарусыз аймақтардың

бір-бірімен тығыз және тиімді өзара әрекеттескен жағдайда ғана елеулі жетістікке жете алатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат өз мәлімдемесінде «мемлекеттер өзара тығыз әрекеттескен жағдайда ғана ядролық қарусыз аймақтардың жер-жаһандағы қарусыздану мәселелерін шешудегі саяси салмағы мен беделі артады», деген өзекті пікірді тағы бір еске салып өтті.

— 2017 жылдың тамызында МАГАТЭ-нің төмен байытылған уран банкінің Қазақстанда ашылу салтанатында жарияланған ядролық қарусыз аймақтардың күш-жігерін нығайту жөніндегі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы біздің ұжымдық күш-жігерімізді іске асыру үшін өзектілігі жоғары,

деп мәлімдей келген Ержан Ашықбаев жоғары деңгейдегі аймақаралық кездесулерді тұрақты негізде ұйымдастыру дәстүрін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан аймақ арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту бойынша біріккен қадамдарды жан-жақты талқылау үшін қазіргі барлық ядролық қарусыз аймақтардың және Монғолияның көшбасшыларын, сондай-ақ осы саладағы көрнекті белсенділерді шақыра отырып, осындай алғашқы кездесуді өз аумағында ұйымдастыруға дайын»,

деп атап өтті Ержан Ашықбаев.

  • Нақтылай кетсек, аталған іс-шараға Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігімен қатар, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғары өкілі Изуми Накамицу, Латын Америкасы мен Кариб бассейнінде ядролық қаруға тыйым салу жөніндегі агенттіктің (OPANAL) бас хатшысы Луис Филипе де Маседо Суареш, БҰҰ қарусыздану проблемаларын зерттеу институтының (ЮНИДИР) аға өкілі Джон Борри, Монғолияның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Сухболд Сукхи, сондай-ақ БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің басқа да жоғары өкілдері қатысты.

Форумның қатысушылары ядролық қарусыз аймақтар арасындағы өзара әрекеттесудің қазіргі проблемаларын, соның ішінде институцияландыру мен әлеуеттің әртүрлі деңгейін қарастырды, сондай-ақ 2020 жылғы ядролық қарусыз аймақтарға қатысушы мемлекеттердің төртінші конференциясының қарсаңында тиімді ынтымақтасуға шақырды.

Изуми Накамицу, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздандыру туралы жаңа күн тәртібіне сүйене отырып, ядролық қарудан азат аймақтарды нығайту және күшейту және Таяу Шығыс сияқты өңірлерде осындай аймақтарды одан әрі құру мақсатында мүше-мемлекеттермен жұмыс істеуге дайын екенін білдірді.

Сол күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Таяу Шығыстағы жағдай, оның ішінде Палестина мәселесі бойынша ашық пікірталастар өтті.

Ержан Ашықбаев пікірталастарда сөйлеген сөзінде Таяу Шығыстағы оқиғалардың тұрақсыздығы мен өзара байланысы тек осы өңірде ғана емес, сонымен қатар, одан тыс жерлерде алаңдаушылық туғызып, жаһандық қауіпсіздікке елеулі ықпалын тигізіп жатқанын атап өтті.

Ол Қазақстанның Палестинаның тәуелсіздікке, Израильдің қауіпсіздікке қол жеткізу құқығын қолдауға қатысты позициясын қайта атап, БҰҰ Жарғысына және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тиісті қарарларына сәйкес екіжақты форматта және алдын ала шартсыз келіссөздерді жуық арада өткізуге шақырды.

Қазақстанның өкілі өз сөзінде Сириядағы, Ливандағы, Ирактағы, Йемендегі жағдайларға тоқталды және

46 мемлекеттің беделді рухани көшбасшылары мен діни қайраткерлерінің қатысуымен Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің қорытындысы туралы баяндап берді.

Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің сол күні өткен отырысына қатысушылар Сирияда бейбітшілікке қол жеткізу үшін Астана процесінің шеңберіндегі келіссөздерді жалғастыру және Женевада күш-жігерді қолдау қажеттілігін атап өтті.

Отырыс барысында қазақстандық делегация Сириядағы дағдарысты саяси тұрғыдан, соның ішінде сириялық конституциялық комитетін құру арқылы шешуге шақырды.

«Сириялықтар өздері ғана халықаралық қауымдастықтың қолдауымен сирия елінің болашақ саяси жүйесін құруын бастау керек»,

деп Қазақстанның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілінің орынбасары Қанат Тұмыш атап өтті.

Қазақстан барлық қызығушылық танытқан тараптарды 17 қыркүйекте Астана процесінің кепіл мемлекеттері Ресей мен Иран қол қойылған Сирия Идлибтегі деэскалация аймағында жағдайды тұрақтандыру туралы Меморандумды жүзеге асыруда ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ елдің барлық жерлеріне ең қысқа бағытымен қауіпсіз және кедергісіз гуманитарлық қол жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қараша айының соңында өз қызметінен кетуге ниетті екенін жариялаған БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Стафан де Мистураның Сириядағы дағдарысты шешу бойынша жұмысына жоғары баға және ризашылық білдірілді.

Стафан де Мистура өз мандатының аяқталуына дейін жаңа конституция жобасын әзірлеу үшін сириялық комитетін құру жөніндегі қарқынды шараларды қабылдайтынына және

қазан айының соңына қарай Астана процесінің кепіл мемлекеттердің өкілдерін Женеваға Сирия бойынша кездесуге шақырады,

деп сендірді.

Басқа елдер делегациялары Сириядағы дағдарысты шешу жөніндегі арнайы өкілі Стафан де Мистураның күш-жігеріне өздерінің оң бағасын беріп, ризашылығын білдірді. Жалпы,

Сириядағы соғысты тоқтату үшін оны шешудің инновациялық өңірлік парадигмасын және Женева мен Астана процестерін қолдағаны маңызды деп айтылды.

  • Астанада Сириядағы жағдайды реттеу үшін тоғыз раундтан тұратын келіссөздер өтті.
  • Қазақстан елордасында өткен кездесулердің басты нәтижесі елдегі зорлық-зомбылық деңгейін едәуір төмендететін деэскалация аймақтарын құру болды.

Қанат Тұмыш. Фото: ҚР Сыртқы істер министрлігі

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз