Қырғызстан Мемлекеттік жазаны өтеу қызметі таратқан мәлімет бойынша, 2 сәуірде таңғы сағат 05:00 шамасында №1 тергеу абақтысына дәрігерлер шақыртылған. Олар бұрынғы депутат Садыр Жапаровтың қолы мен мойнындағы тамырлары кесілгенін көріп, орталық түрме ауруханасына жеткізген.
Жазаны өтеу қызметінің баспасөз хатшысы Александр Никсдорфтың айтуынша, Жапаров тергеу абақтысы басшылығына немесе камераластарына шағымданбаған. “Сағат 07:00-де Жапаровты орталық түрме ауруханасына жеткізді. Сол жерде оған операция жасалды. Қазір жеке палатада жатыр. Жағдайы жаман емес. Дәрігерлер қан қысымы бірқалыпты екенін айтты”, – деді Никсдорф.
Бірақ экс-депутаттың туыстары оның күре тамырын өзі кесті дегенге сенбейді. Олар тәуелсіз тергеу жүргізілгенін талап етеді, сол үшін прокуратура мен Азаптауды болдырмау ұлттық орталығына хабарласуды көздеп отыр.
Үш жыл бұрын елден кеткен Садыр Жапаров биыл 25 наурызда Қырғызстанға оралды. Оны қырғыз-қазақ шекарасында арнайы қызмет ұстады. Жапаровты 2013 жылы Қаракөлдегі наразылық акциясына қатысты қылмыстық іс бойынша тергеді.