2025 жылдың 28 маусымында Абай облысының Аягөз қаласына жақын маңда Өскемен – Алматы тас жолында қайғылы жол апаты орын алды. Мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаз ата-анасымен бірге демалыстан әскери бөлімге оралып келе жатқан кезде көлік апатына ұшырап, барлығы мерт болды.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері командованиесі Instagram желісіндегі парақшасында хабарлады.
Алайда Абай облыстық Полиция департаменті бұл апаттан төрт адам көз жұмғанын нақтылады.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, Toyota Lumiere көлігін тізгіндеген 62 жастағы жүргізуші қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota Land Cruiser көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Toyota Lumiere көлігінің жүргізушісі мен үш жолаушысы оқиға орнында жан тапсырды. Қайғылы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар мен тергеу амалдары жүргізілуде.
Кейінірек, көз жұмған төртінші адамның сарбаз бен оның ата-анасын алып келе жатқан такси жүргізушісі екені белгілі болды. Құрлық әскерлері командованиесі марқұмдардың денесі туған жеріне жеткізілетінін және отбасына қажетті барлық көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.