Ақтөбедегі мамандандырылған ауданаралық сотында бірнеше жыл бойына мемлекет қаржысын жымқырып келген Мейіржан Өндіргеновке қатысты қаралған қылмыстық іс аяқталуға жақын. Облыстық мәслихаттың бұрынғы депутатына қатысты қылмыстық іс сотта екі айдан бері қаралып жатыр. Жүзден аса куәгерден жауап алынған.
Бұл туралы aktobenews.kz хабарлайды.
Атышулы алпауыт компанияның басшысына қатысты прокурор өз ұсынысын айтты. Енді қорғаушылар сөйлеп, айыпталушының соңғы сөзі тыңдалады.
– Мейіржан Өндіргеновке ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарып, бюджеттің 4,5 миллиард теңгесін жымқырды, аса ірі көлемде ақша бопсалады, ірі көлемдегі алаяқтық жасады, пайдакүнемдік мақсатта біреуді заңсыз бас бостандығынан айырды және қылмыстық жолмен алынған үлкен көлемдегі қаражаттың ізін жасырды деген бес бап бойынша айып тағылып отыр.
Екінші айыпталушы “Автопарк” мекемесінің бұрынғы директоры Ербол Әділов қылмыстық топ құрамында алаяқтық жасағаны және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін айыпталып жатыр, — дейді прокурор.
Алпауыт компания басшыларының қылмысы толық дәлелденген. Олар бір жылдан аса уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр.