Целиноград ауданында қуаты жылына 288 000 МВт күн электр стансасының алғашқы қазығы қағылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Қуаты жылына 288 000 МВт және тәулігіне 100МВт электр қуатын өндіретін «Күн электр стансасының құрылысы» жобасын Қабанбай батыр ауылы аумағында «KB ENTERPRISES» ЖШС қолға алып отыр.
Жаңа жоба – шын мәнінде атап айтуға тұрарлық айрықша құнды бастама. Жоба құны – 150 миллион евро. 100 пайыз қазақстандық компания болып есептелетін ұжым осы ауданда тіркелген.
Инвестицияның 70 пайыздық үлесі өз еліміздікі. Ал, 30 пайыздық үлесіне Түркия, Германия және Нидерланды мемлекеттерінің шетелдік компаниялары еніп отыр.
Жоба 2017 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беріледі.
Мемлекеттік қолдау көрсетіліп, құрылысқа қажетті 300 гектар жер телімі берілді. Оған 31 746 күн панельдері орнатылатын болады.
Станцияға Германия мен Нидерландының осы заманғы озық үлгідегі құрал-жабдықтары қойылады. Нысан толық қуатында жұмыс істей бастаған кезде тұрақты 70 жұмыс орны болады.