Нұр-Сұлтан
Қазір
-2
Ертең
-3
USD
448
-1.46
EUR
503
-0.24
RUB
5.41
-0.04

Бір сағаттық жол: ауыл оқушылары мектепке жаяу баруға мәжбүр

Қаратөбе ауылының оқушылары күн сайын көрші елді мекенге жаяу қатынап оқиды. Ауылдағы тоғыз жылдық мектептің әбден тозығы жетіп, құлауға шақ қалған, дейді тұрғындар.

Сондықтан балалар Қазығұрт ауданындағы мектепке баруға мәжбүр. Бірақ екі ауылдың арасын жаяу жүріп өту оңай емес. Әсіресе қараңғы түскенде жолдың қауіптілігі арта түседі.

Салтанат Арынованың 4 баласы бар, бәрі бастауыш сыныпта оқиды. Бірін таң атпастан мектепке жіберсе, енді бірін қараңғы кеште көшеге телміріп күтіп алады. Күн суып, жаңбыр басталғалы жүріс-тұрыс тіпті қиындаған.

«Қаратөбе ауылында ешқандай тасымалдау көлігі жоқ, біз мұқтажбыз. Екі орта лай-батпақ болады, көлік те жоқ, алдымызда қыс келе жатыр. Жаңбырда аяқтары су болып келеді. Сөйтіп, 2-3 күн ауырып жатады. 1 сағат 40 минуттай жаяу жүреді. Қауіпсіздігіне алаңдаймыз, тасжолдан машиналар ары-бері өтеді, жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Ешқандай нәтиже жоқ, талай рет арыз да тастадық», – дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны Салтанат Арынова.

Балаларының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар екі ауылдың арасында қатынайтын көлік сұрайды. Ал Түркістан облысыынң білім басқармасы мамандары жазбаша түрде мынадай жауап берді.

«Қазіргі таңда Қаратөбе-3 және Қаратөбе-1 ауылдарынан 60 оқушы Төлеби ауданының Қаратөбе негізгі орта мектебіне облыстық білім басқармасының теңгеріміндегі 24 орындық автобуспен екі ауысымда тегін тасымалдануда. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 6-бабы 24-12 тармағына сәйкес, тиісті елді мекенде мектеп болмаған жағдайда білім алушыларды жақын жердегі мектепке тегін тасымалдауды ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады. Алайда Қаратөбе ауылында Төлеби ауданының білім бөліміне қарасты мектеп жұмыс істейді. Ал ата-аналар тасымалдауды сұрап отырған Қазығұрт ауданындағы мектеп басқа ауданның білім бөліміне бағынысты», – дейді Түркістан облысының білім басқармасы.

Яғни, мәселе бүгін-ертең шешімін таппайды. Сондықтан Қаратөбе ауылының оқушыларына әзірге көрші ауылға қатынап оқи тұруға тура келеді. Ал ата-аналарды балалардың мектепке аман-есен жетіп, үйге қауіпсіз оралуы алаңдатып отыр.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз