Нұр-Сұлтан
Қазір
16
Ертең
18
USD
448
+0.08
EUR
517
-0.18
RUB
5.29
-0.01

Заң мен тәртіпке үлес қосқан үздіктер анықталды

Байқауға аудандар мен қалаларда өткен іріктеу кезеңдерінде бірінші орын алған 12 қоғамдық көмекші қатысып, жыл бойы атқарған жұмыстары мен қол жеткізген нәтижелерін комиссия назарына ұсынды.

Іс-шараны ашқан Полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров қоғамдық көмекшілердің құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.

«Бүгінде облыс бойынша 394 полицияның қоғамдық көмекшісі бар. Олардың белсенді қатысуымен 30-дан астам қылмыс пен 600-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Қоғамдық көмекшілер полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға елеулі үлес қосып келеді. Бұл – баршамызға ортақ міндет», – деді Жасқайрат Қайыров.

Байқау барысында Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері қатысушылардың жыл бойы атқарған жұмыстарын таныстырып, олардың құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бағытындағы қызметіне баға берді.

Полицияның қоғамдық көмекшілері – құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерінің сенімді серіктестерінің бірі. Олар елді мекендердегі қоғамдық ахуалды бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтарға заң талаптарын түсіндіруге және полицияға жедел ақпарат жеткізуге белсенді атсалысады.

Іс-шара барысында байқаудың барлық қатысушыларына Полиция департаменті бастығының алғыс хаттары табысталып, олардың қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі атап өтілді.

Байқау қорытындысы бойынша «Ауылдық жердегі полицияның үздік қоғамдық көмекшісі» номинациясында Нұра аудандық полиция бөлімінің қоғамдық көмекшісі Төлеген Есмұханов бірінші орынды иеленді.

Ал «Қалалық жердегі полицияның үздік қоғамдық көмекшісі» номинациясының жеңімпазы Балқаш қаласынан келген Анар Адамбекова атанды.

«Бұл марапат – атқарған еңбегімізге берілген баға. Алдағы уақытта да полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті сақтау және ел тыныштығын қамтамасыз ету жолындағы жұмысты жалғастырамыз», – деді Анар Адамбекова.

Айта кетейік, Анар Адамбекова республикалық байқауда Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады.

Серіктестер жаңалықтары
Көп қаралған
© «365 Info», 2014–2026 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз