Ақтөбенің ондаған тұрғыны ақшасын алдын ала төлеген шетелдік демалысқа бара алмай қалғанын және турға төлеген қаражатын әлі күнге дейін қайтара алмағанын мәлімдеді. Полиция алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды 365info.kz сайты «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің айтуынша, олар туристік компанияға достары мен таныстарының ұсынысы бойынша жүгінген. Тұрғындар Мысыр, Түркия және Грузияға жолдамалар сатып алған. Кейбір турлардың құны екі миллион теңгеге дейін жеткен. Алайда ұшар алдында туристерге сапарларының тоқтатылғаны хабарланған.
«Біз 5-13 тамыз аралығында Антальяға жеті күндік тур сатып алдық. Ұшақ Алматыдан ұшуы керек еді. Отбасымызбен Алматыға келдік, бізге билеттерді жіберуге уәде берді. Бірақ ұшуға бір күн қалғанда турымыздың тоқтатылғанын хабарлады», – деді Асылбек Дүйсенбеков.
Жәбірленушілердің айтуынша, 60-тан астам адам зардап шеккен. Олар қайтарылмаған қаражаттың жалпы сомасын 219 миллион теңгеге бағалап отыр. Туристер тізім жасап, арыз жазған.
«Келтірілген шығынның жалпы сомасы – 219 миллион теңге. Бізде тізімдер бар, бәрі бар. Барлығы арыз жазды, бірақ қазір ешқандай әрекет жоқ. Біздің талабымыз – бәрі заң аясында шешіліп, ақшамыз қайтарылсын», – деді Ақтөбе тұрғыны Динара Қатанова.
Жәбірленушілердің айтуынша, компания өкілдері олармен байланысқа шықпай отыр, ал туристік фирма орналасқан кеңсе мөрленген. Ақтөбе облысының Полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Сондай-ақ жеке басы анықталған күдіктінің жүрген жерін анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Ақтөбе облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Полиция күдіктінің жүрген жерін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.