Алматы полицейлері халықаралық әуежайдан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін жеткізу үшін такси жүргізушісіне заңсыз төлеген 150 АҚШ долларын Үндістаннан келген екі туристке қайтарып берді. Полиция департаментінің мәліметінше, Үндістанның екі азаматы халықаралық әуежайдан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін барғаннан кейін құқық қорғау органдарына жүгінген. Олардың айтуынша, такси жүргізушісі жолақы ретінде 150 АҚШ долларын талап етіп, қызмет құнын негізсіз бірнеше есе көтерген.
«Жолаушылардың, оның ішінде қалаға келген шетелдік қонақтардың есебінен заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекетке құқықтық тұрғыдан қатаң баға беріледі», – деп мәлімдеді Алматы қаласы полиция департаменті.
Сондай-ақ полиция өкілдері заңсыз әрекеттердің құрбаны болған азаматтарды 102 арнасына дереу хабарласуға шақырды.