Бүгін Астана мәслихатының кезекті сессиясында қаладағы «LRT» жүйесін «Тарлан Астана» деп ауыстыру туралы шешім қабылданды. Бұл мәселеге қатысты Астана қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досжан Исабеков былай деп баяндама жасады.
«Астана қаласының әкімдігіне қала тұрғындарынан және Жазушылар одағының Астана қалалық филиалынан елордада ашылатын жеңіл рельсті көлік жүйесіне атау беру туралы ұсыныстар келіп түсті. Аталған жеңіл рельсті көлік жүйесі болашақта қаладағы басты қоғамдық көліктердің біріне айналады. Сондықтан жобаны тек «ЛРТ» деген инженерлік-техникалық атаумен шектемей, қала тұрғындарына айтуға жеңіл, есте тез сақталатын әрі заманауи жеке атау беру туралы пайым бар. Қазір «ЛРТ» атауы ресми түрде қолданылғанымен, күнделікті өмірде терең мазмұндық мәнге ие емес. Шетелдік тәжірибеде де мұндай көліктерге дербес атау беру жиі кездеседі», – дейді ол.
Осылайша, екі күн бұрын сөз басында айтылған белсенділер Ономастика комиссиясының отырысына өз нұсқасын ұсынған көрінеді. Комиссия «Тарлан Астана» деген атты ұнатқан.
«Осыған байланысты, жаңа көлік жүйесіне заманауи халықаралық формат пен ұлттық болмысқа сай келетін қолайлы есім таңдау мәселесі 2026 жылдың 3 маусымында қалалық Ономастика комиссиясының отырысында қаралды. Отырыс барысында комиссия мүшелері бірнеше нұсқаны талқылады. Олардың қатарында «Сұңқар», «Лашын», «Құлан», «Аспан», «Тарлан» және тағы басқа атаулар болды. Жиынды қорытындылай келе, комиссия Астана LRT жүйесіне «Тарлан Астана» атауын беру туралы ұсынысты қолдады», – дейді Исабеков.
Шенеунік «тарлан» деген атау халық ауыз әдебиетіндегі белгілі тұлға, батыр Ер Тарғынның сәйгүлігі екенін де айтып үлгерді. Ол осы баяндамасынан кейін депутаттардың алдында «Астана қаласының жеңіл рельсті көлігіне атау беру туралы» әкімнің қаулысы мен мәслихаттың шешімін дауыс беруге шығарды. Депутаттар бірауыздан қолдап, дауыс берді.
«ЛРТ ұзақ уақыт бойы сыбайлас жемқорлықпен байланысты сәтсіз жоба ретінде қабылданып келді. Алайда, Президентіміздің тікелей тапсырмасын орындай отырып, қала әкімі Жеңіс Қасымбек бұл жұмысты қайта жандандырып, жобаны іске қосты. Нәтижелі әрі табанды жұмыстың арқасында бұл нысан бүгінде қаламыздың көрнекті ерекшеліктерінің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл жобаға «Тарлан Астана» деген атау беру өте лайықты деп есептеймін», – деді мәслихат депутаты Бауыржан Смайылов.