«Ландшафтық дизайндағы геометрия» атты бастама арқылы оқушылар шеңбер, симметрия мен өлшемдерді тәжірибеде қолданып қана қоймай, ғылымның күнделікті өмір мен экологияны жақсартудағы нақты рөлін көрсетті. Жоба авторы – елордалық оқушы Медина Сүйіндік. Ғылыми жұмысқа математика пәнінің мұғалімі Гүлшат Абуова жетекшілік еткен. Негізгі мақсаты – геометрия ғылымының ландшафтық дизайндағы рөлін тәжірибе арқылы дәлелдеп, мектеп ауласын көркейту.
«Шеңбер сегіз бөлікке бөлініп, әр бөлікке түрлі көкөніс пен хош иісті өсімдіктер егілді. Атап айтқанда, тәтті бұрыш, қырыққабат, сәбіз, қызылша, жалбыз, насыбайгүл және аскөк отырғызылды. Сонымен қатар гүлзарларға петуния, гортензия және лилейник гүлдері егілді. Жобаның тағы бір ерекшелігі – ұлттық нақыштың көрініс табуы. Шеңберді жағалай орнатылған ромб пішінді ағаш керегелер қазақтың киіз үйін еске түсіріп, композицияға ерекше сән берді», – дейді жас зерттеуші Медина.
Бұл идея оқушылардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып отыр. Жоба барысында оқушылар геометрия пәнінен алған білімдерін тәжірибеде қолданған. Олар радиус пен диаметрді есептеп, симметрия заңдылықтарын пайдаланып, нақты өлшеу және сызу жұмыстарын жүргізген. Осы арқылы геометрияның тек теориялық ғылым емес, күнделікті өмірмен тығыз байланысты сала екеніне көз жеткізіп отыр.
Ал жоба жетекшісі Гүлшат Абуова мұндай тәжірибелік жұмыстардың оқушылар үшін маңызы зор екенін айтады.
«Геометрияны өмірмен байланыстыра оқыту оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырады. Бұл жоба балалардың жауапкершілігін, ұйымшылдығын және еңбекқорлығын дамытуға үлкен ықпал етті. Экономикалық және әлеуметтік үрдістерді математикалық модельдеу бағытындағы бұл жобаға Татьяна Абдрашитова ғылыми жетекшілік етті», – дейді ұстаз.
Нәтижесінде мектеп ауласында көздің жауын алатын, демалуға ыңғайлы әрі экологиялық жағынан пайдалы жасыл аймақ пайда болды. Бүгінде бұл орын оқушылардың сүйікті демалыс мекеніне айналған.
Осылайша, «Ландшафтық дизайндағы геометрия» жобасы ғылым мен табиғатты ұштастырған, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталған маңызды бастамаға айналып отыр.