Көкшетауда тұрғын үй ауласында адам қағып кеткен әйелдің жүргізуші куәлігі болмай шықты. Бұған дейін автомектепте де оқымаған. Оған рөлді тапсырған күйеуі де жауапқа тартылады. Ақмола облысының полиция департаменті 52 жастағы әйелдің өліміне байланысты екі қылмыстық іс қозғады.
«Жол апаты кезінде көлік тізгінінде отырған әйелдің жүргізуші куәлігі болмағаны және арнайы оқудан өтпегені анықталды. Осыған байланысты полиция адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сондай-ақ, ведомство көлік иесі, яғни әйелдің жұбайына қатысты да жүргізуші куәлігі жоқ адамға көлік басқаруға рұқсат бергені үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 11 мамыр күні күдікті үйқамаққа алынды. Қылмыстық істі тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
«Бұл хабарды қабылдау бізге өте ауыр. Сол күні Көкшетауға сіңліміздің қыз ұзату тойын өткізу үшін барған едік. Марқұм біздің туған тәтеміз болатын. Ол қуанып, құдалыққа дайындалып жүрген. Барлық туыстар қонақ күтуге әзірленіп жатқан еді. Бірақ бір сәтте отбасымыз орны толмас қайғыға душар болды», – деп жазды жақындары.
Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда тұрғын үйдің автотұрағына кіреберіс жерде әйелді көлік қағып, оқиға орнында көз жұмған. Туыстарының айтуынша, марқұмның артында 12 жастағы ұлы қалды.