Алматы метрополитенінің құрылысы кезіндегі қаржы жымқыру ісі бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралды. Нәтижесінде бұрын үшінші бір заңды тұлғаның шоттарынан табылған 127 миллион теңге мемлекетке қайтарылды.
«Метрополитен» КМК лауазымды тұлғалары мердігер ұйымдардың басшылары және қызметкерлерімен алдын ала сөз байласу арқылы метрополитенді салу мен жабдықтауға бөлінген қаражатты жымқыру схемасын ұйымдастырған», – деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Соның нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген. Осылайша Алмалы аудандық сотының үкімімен «Метрополитен» КМК мен мердігер ұйымның 10 лауазымды тұлғасы ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың мүлкі тәркіленіп, келтірілген залалды ортақ тәртіпте өтеуге міндеттелді.
«Аталған факт мемлекеттік қаржыға қол сұғушылық үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын айқын көрсетеді және бюджет қаражатын пайдалану кезінде лауазымды тұлғалар мен өзгеде қатысушылардың жоғары деңгейдегі адалдықты, заңдылықты және жеке жауапкершілікті сақтауға міндетті екенін айқындайды, өйткені бұл саладағы кез келген заң бұзушылықтар мемлекет тарапынан ерекше бақылауда болады және қатаң құқықтық салдарға әкеледі», – деп ескертті Бас прокуратура.