Стамбұлда курьер болып жұмыс істеп жүрген Қазақстан азаматы оққа ұшты. Аталған қайғылы жайтқа қатысты СІМ пікір білдірді.
Түркиялық Haberler басылымының хабарлауынша, Қазақстан азаматы А.И. жеке компаниялардың бірінде курьер болып жұмыс істеген. Белгісіз біреу оны көшеде келе жатқан жерінен атып кеткен. Жарақат салдарынан қазақстандық ауруханада қайтыс болды. Кейінірек бұл іс бойынша екі күдіктінің ұсталғаны белгілі болды.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі биыл 31 наурызда Стамбұл қаласының Фатих ауданында Қазақстан Республикасы азаматының қатысуымен болған оқиғадан хабардар. Қазіргі уақытта Түркияның құзыретті органдары қажетті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Қазақстан Республикасының Стамбұлдағы Бас консулдығы қаза тапқан азаматтың туыстарына қажетті көмек көрсетіп жатыр. Мәселе бақылауда», – делінген сыртқы саяси ведомство таратқан хабарламада.