Маңғыстау облысын Ақтау-Бейнеу тас жолында жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Салдарынан төрт адам қаза тауып, 42 жолаушы жарақат алды. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2026 жылы 16 қаңтар күні түнгі сағат 01:03 шамасында KZ-11 автожолының «Доссор-Құлсары- Бейнеу-Сайөтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау» бағыты бойынша 383-шақырымында Yutong маркалы жолаушылар автобусы апатқа ұшырады. Автобус өткен жылы 19 желтоқсанда техникалық тексеруден өткен және CASPIAN TRANS CORPORATION ЖШС-не тіркелген.
«Yutong автобусының жүргізушісі рульді басқара алмай, 50 жолаушысы бар автобус арыққа аударылған. Салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Ал 42 адам жарақат алып, оның 17-сі ауруханаға жатқызылды. Қалғандары амбулаториялық емдеуге жіберілді», –делінген хабарламада.
Аталған автожол учаскесі II техникалық санатқа жатады. Жол асфальтбетонмен төселген, жүру бөлігінің ені 9 метр және жол жамылғысында ешқандай ақау жоқ. Жолда болуы тиіс барлық жол белгілері жоспарға сай толық орнатылған.
«Жол-көлік оқиғасы түнгі уақытта болған. Апат кезінде рульде 1985 жылы туған жүргізуші отырған. Екінші жүргізуші апатқа дейін шамамен 200 шақырым бұрын ауыстырылған», – делінген хабарламада.
Маңғыстау облыстық полиция департаменті оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған апат бойынша тергеу жүргізіп жатыр.