Әлеуметтік желілерде Астанада болған қарулы оқиға туралы ақпарат тарады. Оқиға барысында Ішкі істер министрлігінің арнайы «Сұңқар» бөлімшесінің қызметкері жарақат алған.
Әлеуметтік желілерде жарияланған деректерге сәйкес, «Сұңқар» қызметкері көлік жүргізіп келе жатқанда жолға қарулы ер адам шыққан. Қылмыскер арнайы жасақ өкілін атқан, оқ оның жауырын мен мойын тұсына тиген. Кейін ол қызметкерді қаруымен ұрып жіберген. Қорғану мақсатында жараланған қызметкер көлігімен шабуылдаушыға соққан деген ақпарат бар.
«Оқиға туралы зардап шеккен адам «102» арнасы арқылы хабарлаған. Оқиға орнына дереу полиция қызметкерлері жетті. Жедел-іздестіру шаралары барысында 21 жастағы күдікті ұсталды», – деп хабарлады елордалық полиция департаменті.
Полиция өкілдері жараланған адамның құқық қорғау органдарының қызметкері екенін растады. Оқиға кезінде ол еңбек демалысында жүрген.