Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды. Талқылау барысында Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымоваға азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына қатысты маңызды сұрақ қойды.
Депутаттың айтуынша, бүгінде елімізде 38 миллионнан астам банктік шот бұғатталған.
«Мен азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлер құқықтарының теңгерімді сақталуын қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот немесе арнайы банктік шот ашу туралы ұсыныс бердім. Мұндай шотқа айына 300 мың теңгеге дейінгі сомадағы түсімдерге өндіріп алу шаралары қолданылмайды», — деді депутат.
Сонымен қатар, Темір Қырықбаев Мәдина Әбілқасымовадан агенттіктің шоттары бұғатталған азаматтарға арналған нақты шешімдері мен тәсілдері туралы сұрады.
«Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз және шоты бұғатталған азаматтар үшін сіздің агенттік қандай тәсілдер қарастыруда?», – деп сұрады депутат.