2025 жылдың басынан бері республикалық бюджет есебінен мүгедектік және асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуге 488,5 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбекке қабілеттілігінен және асыраушысынан айырылған азаматтарға жалпы 66,8 млрд теңге көлемінде төлем жасады.
2025 жылғы 1 қазанындағы деректерге сәйкес, мүгедектігі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алушылардың саны шамамен 544 мың адам, ал асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алушылардың саны 155,9 мың адам болып отыр.
Сонымен қатар, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда МӘСҚ тарапынан төлемдер жүргізіледі. 2025 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша 98 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты, ал 66,5 мың отбасы асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алып отыр.
Бұл төлемдердің мөлшері әр азаматтың жеке жағдайына қарай есептеледі. Оған соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыс, еңбекке қабілеттілігінен айырылу деңгейі, асырауындағы адамдар саны, әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және табысты алмастыру көрсеткіші әсер етеді.
Аталған төлемдер республикалық бюджеттен төленетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша ретінде қарастырылған. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің артуына байланысты мүгедектік пен асыраушысынан айырылу бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 6,5%-ға өсті. Үкімет шешімімен МӘСҚ арқылы төленетін тиісті әлеуметтік төлемдер де 6,5%-ға артты.
Мысалы, биыл жалпы ауру бойынша мүгедектік жәрдемақысының мөлшері:
• I топ үшін – 101 702 теңге,
• II топ үшін – 81 362 теңге,
• III топ үшін – 55 474 теңге.
Ал 1 қазан күнгі жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша орташа әлеуметтік төлем 72 087 теңге, асыраушысынан айырылу бойынша орташа төлем 75 064 теңге болып отыр.