Алматыда Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) IV Халықаралық жастар фестивалінің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шара барысында қалаға «2025 жылғы Түркі әлемінің жастар астанасы» мәртебесі берілді. Іс-шараға ТМҰ бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды және ТМҰ-ға мүше елдердің белсенді жастары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.
«Алматы – азаттығымыздың алтын бесігі, жасампаз жастардың құтты мекені. Өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосқан көптеген ұлы тұлғаларымыз осы қалада өсіп-өнген. Шын мәнінде, төл мәдениетіміздің темірқазығына айналған шежірелі шаһар қазақ елінің ғана емес, түркі мемлекеттерінің де рухани ордасы саналады», – делінген құттықтау хатында.
Салтанатты іс-шара аясында бауырластықтың, сенім мен жаңа мүмкіндіктердің нышанына айналған жастар астанасы кілтін 2024 жылғы жастар астанасы – Ленкорань қаласы, Әзербайжан елінің өкілдері Алматы жастарына табыстап, бауырластық эстафетасын жалғады.