Қарағандыдағы Достық үйінде Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған кездесуге еліміздің әр өңірінен қоғам қайраткерлері мен ғалымдар жиналды. Дөңгелек үстел барысында өскелең ұрпақты патриоттық және рухани-адамгершілік тәрбиелеуге бағытталған «Адал азамат» жобасының жүзеге асырылуы талқыланды. Жобаның басты мақсаты – адалдық, әділдік, әлеуметтік жауапкершілік, еңбекке құрмет және Қазақстанның мәдени мұрасына деген сыйластық қағидаларын алға қою.
Кездесудің маңыздылығын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей атап өтті. Ол өңірде 100-ден астам этнос өкілдері татулық пен келісімде өмір сүріп жатқанын айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов ақсақалдар кеңесінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі, моральдық құндылықтарды қалыптастырудағы және ұлтаралық келісімді нығайтудағы рөлін ерекше атап өтті. Ол аймақтың белсенді ақсақалдарына алғыс хаттар табыстады.
Ақсақалдар кеңестерінің қызметін қолдау және дамыту механизмдері туралы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин баяндады.
Шара барысында өңірлерден келген қонақтар өз тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Павлодар облысы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Василий Рак жастар арасында еңбек құндылықтарын қалыптастыру мәселесіне тоқталды. Ол ақсақалдар кеңесінің мүшелері мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, оларға кәсіп таңдауға көмектесіп, еңбек адамының мәртебесін көтеруге атсалысуы қажет деген ұсыныс айтты.
Жиында ғалымдар да сөз сөйледі, олардың қатарында «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова, «Адал азамат» жобасының әзірлеушілері Жамбыл Артықбаев пен Бүркітбай Аяған бар.
Қатысушылар «Адал азамат» жобасы аясында өскелең ұрпақты тәрбиелеу жұмыстарын күшейту қажеттігі туралы шешім қабылдады.