Қырғызстан шағын атом электр станциясын (АЭС) салу жобасын қарастырып жатқанда, Өзбекстанда шағын қуатты атом станциясының құрылысына дайындық қызу жүріп жатыр – вахталық жұмысшыларға арналған тұрғын үй қалашығының құрылысы басталып кетті. Ал Қазақстанда референдум өткізіліп, АЭС салынатын орын анықталды.
Өзбекстанның Атом энергетикасын дамыту агенттігінің («Узатом») АЭС құрылысына жауапты директоры Отабек Аманов жұмысшылар қалашығын салудың маңыздылығын атап өтті, өйткені станция құрылысы барысында 10 мыңға жуық маман жұмылдырылмақ. Станция толықтай мемлекеттің меншігінде болатынын мәлімдеді.
«Бұл база не үшін қажет? Атом станциясын салу үшін жөндеу-механикалық шеберханалар, арнайы техникаларға арналған гараждар, арматура цехы, бетон араластырғыш тораптар қажет. Бұл үлкен кешен, біз осы жұмыстарды бастап кеттік. Сонымен қатар, техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН), қоршаған ортаға әсерді бағалау құжатын (ҚОӘБ) және қауіпсіздік негіздемесі жөніндегі алдын ала есепті дайындай бастаймыз. Осы үш құжат бізге атом станциясын орналастыруға рұқсат алу үшін қажет», – деді ол.
Қазақстанда құрылыс әлі басталмағанымен, жобалау жұмыстары жүріп жатыр және құрылыс орны ретінде Алматы облысындағы Үлкен кенті таңдалды. Былтыр өткізілген референдумға 7 миллионнан астам азамат қатысып, олардың 5,5 миллионы шағын атом электр станциясын салуды қолдаған. Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің (МАГАТЭ) сарапшылары Үлкен кентіндегі алаңды тексеріп, оның АЭС құрылысына толық дайын екенін және Қазақстанның бұл жобаға қажетті жоғары біліктілік деңгейіне ие екенін жеткізді.
«МАГАТЭ мамандары құрылысқа, қауіпсіз технологияларды таңдауға, сондай-ақ ядролық қалдықтарды басқаруға толық қолдау көрсетуге дайын. Жалпы, Үлкен кентіндегі алаң атом станциясын салуға қолайлы», – деп мәлімдеді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Қырғызстанда әлі референдум өткізіп, жобалау жұмыстарын жүргізіп, құрылыс орнын анықтау қажет.
«АЭС су көздеріне жақын орналасуы керек, себебі реакторларды салқындату үшін су қажет. Сондай-ақ, ол электр желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болуы тиіс. Станцияның құрылысы шамамен 5-6 жыл уақыт алады. Жоба тек халықтың қолдауымен жүзеге асады», – деді Таалайбек Ибраев.
АЭС құрылысы жергілікті тұрғындар үшін мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді және елдегі электр қуатына деген қажеттілікті толықтай қамтамасыз етеді. Шағын атом электр станциялары (ШАЭС) – дәстүрлі АЭС-тің ықшамдалған нұсқасы. Олар энергетикадағы жаңа бағыттың бірі әрі тұрақты даму мен экологияны сақтауға кең мүмкіндіктер береді. Ең алдымен, ШАЭС шалғай және қиын қолжетімді аймақтарда қолдануға арналған, онда ірі атом станцияларын салу тиімсіз немесе мүмкін емес.
Өзбекстанның Жизақ облысында ең жаңа технология негізінде РИТМ-200Н су-сулы реакторы салынбақ. Оның жылу қуаты – 190 мегаватт, электр қуаты – 55 мегаватт, ал қызмет ету мерзімі – 60 жыл. Айта кету керек, РИТМ-200Н негізі Арктиканың қатал жағдайында сынақтан өткен РИТМ-200 реакторларының технологиясына сүйенеді және бұл технология ресейлік мұзжарғыш кемелерде сәтті қолданылып келеді.
Өзбекстандағы шағын атом электр станциясы (ШАЭС) халықаралық жобаға айналады. «Узатом» агенттігінің АЭС құрылысын басқарушы директоры Отабек Амановтың айтуынша, станция екі негізгі құрамдас бөліктен тұрады: ядролық арал және қосалқы нысандар.
«Ядролық аралды біздің бас мердігеріміз – «Атомстройэкспорт» (Росатом) жүзеге асырады. Ал қосалқы нысандарға халықаралық компаниялардың қатысуын қарастырып жатырмыз, бұл жобаның халықаралық сипат алуына мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта түрлі нұсқаларды талқылап жатырмыз», – деді Аманов.
Өзбекстан делегациясы Қытайға сапар жасап, жобаға қатысуға ниетті бірнеше компаниямен кездесті. Олардың қатарында турбиналық жабдықтар, генераторлар және құрғақ градирнялар (суды буландырмай жабдықтарды салқындатуға арналған құрылғылар) өндірушілері бар.
«Біз міндетті түрде құрғақ градирняларды қолданамыз, өйткені су ресурстарына тәуелді болғымыз келмейді. Венгриялық компаниялар бұл бағытта жақсы шешімдер ұсынуда. Еуропалық және азиялық компаниялар да біздің жобамызға қатысуға мүдделі», – деді Аманов.
Орталық Азиядағы атом энергетикасының дамуы аймақ елдерінің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасына оң әсерін тигізеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, ғылыми-техникалық әлеуетті дамытуға және экономиканың тұрақты өсуіне ықпал етеді. Бұған дейін аймақ елдері су электр станциялар (ГЭС), күн және жел энергетикасы сияқты баламалы көздерді дамытуды қарастырған. Алайда су, жел және күн энергиясы тұрақсыз, ауа райына тәуелді, сондықтан электр энергиясын үздіксіз әрі сенімді түрде өндіре алмайды. Ал атом электр станциясы жылына 365 күн, тәулігіне 24 сағат бойы үздіксіз электр қуатын өндіреді және ауа райына тәуелді емес. Бұл оның сенімділігін, экологиялық қауіпсіздігін және Орталық Азия үшін болашақ энергия көзі ретінде маңыздылығын дәлелдейді.