Әзірбайжан үкіметінің дереккөзі Embraer E190AR ұшағының Ақтауда құлауына ресейлік «жер-әуе» зымыраны себеп болғанын растады. Шетелдік басылымның мәліметінше, «зымыран Грозный үстінде дрондарға қарсы шаралар кезінде 8432 рейсіне бағытталған, зымыран ұшаққа жақын жерде жарылып, оның сынықтары жолаушылар мен экипаж мүшелеріне тиген», – делінген хабарламада.
Reuters басылымы Әзірбайжандағы тергеумен таныс 4 дереккөзіне сілтеме жасап, ұшақты ресейлік «Панцирь-С» әуе қорғаныс жүйесі атып түсіргенін хабарлады. Дерекөздердің бірінің айтуынша, ұшақ бортындағы байланыс жүйесі «электрондық соғыс жүйелерінің әсерінен» істен шыққан.
«Ешкім бұл әдейі жасалды деп айтып жатқан жоқ. Алайда Баку Ресейдің Әзірбайжан ұшағын атып түсіргенін мойындауын күтіп отыр», – дейді Reuters агенттігіне сұхбат берген дереккөз.
Қолда бар мәліметтерге сәйкес, ұшақтың GPS навигациялық жүйелері теңіз үстінде ұшу барысында толықтай бұғатталғаны айтылады. Мұндай тұжырымды бұған дейін де әлемдік медиалар жазған.