Әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында домбырасын бортқа өткізбей қойған FlyArystan әуекомпаниясына шағымданды. Домбырасымен бірге ұшаққа кіру үшін қосымша 59 мың теңге төлем жасаған.
«Аты-жөні жазылмаған. Домбыра деп көрсетпесе де, оны 59 мың теңгеге әрең өткіздік. Мен үшінші рет осындай жағдайға тап болып отырмын», – деді әнші.
FlyArystan әншінің шағымына жауап беріп, музыкалық аспаптарды тасымалдау бойынша ережелер бар екенін түсіндірді. Ережеге сай, аспапты салонға алып өтуге тек қол жүгі ретінде рұқсат беріледі, егер оның салмағы 5 кг аспаса және көлемі 56x23x36 см-ден үлкен болмаса. Басқа жағдайда қосымша орын үшін ақы төлеу қажет.
«Біз барлық өнер иелерінің еңбегін жоғары бағалаймыз және халқымыз үшін қасиетті домбыраның құндылығын түсінеміз. Дегенмен, барлық жолаушыларға тең қарым-қатынас көрсету және ортақ ережелерді сақтау – қауіпсіздікті қамтамасыз етудің кепілі», – делінген FlyArystan хабарламасында.
Айта кетейік, халық артисі бұған дейін де Қостанай мен Қарағандыдағы концертіне ұшар кезде домбырасын қолжүгі ретінде алып кіруге рұқсат ала алмағанын әлеуметтік желіде жазған болатын.