Алдағы жаңа жыл мерекелеріне орай билік 20 метрлік екі жасанды шырша мен әшекейлер сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 98 403 854,00 теңге қарастырылған. Бұл сомаға мерекелік атрибуттарды жеткізу және орнату да кіреді.
Техникалық сипаттамаға сәйкес, шыршалар жасыл түсті, конус пішінді, биіктігі 20 метр болуға тиіс. Негізінің диаметрі – 7,4 метр, болат қаңқаның салмағы – кемінде 2 000 килограмм, инелерінің салмағы – кемінде 950 килограмм. Шыршалар гирляндалар және шарлармен, сондай-ақ периметрі бойынша жарықдиодты жарықпен көмкерілген декоративті аркамен безендіріледі. Орнату орнын тапсырыс беруші – яғни ТКШ бөлімі анықтайды.
Сонымен қатар, қалада бірнеше орын безендіріледі: 15-шағын ауданның жағалауы, 11-шағынаудандағы Ынтымақ алаңы және 19А шағын аудандағы Әбіш Кекілбаев музейінің аумағындағы алаң. Оларды жаңа шағын сәулет нысандарымен (ШСН) безендіреді: бұғылар (6 дана) және жарықдиодты аркалар (2 дана).
Бөлінген қаражатқа бар ШСН-ның 20 данасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Ынтымақ алаңында дәстүрлі түрде бұталар мен ағаштарға гирляндалар ілінеді. Монтаж жұмыстары 2024 жылғы 17-24 желтоқсан аралығында жүргізіліп, бөлшектеу 2025 жылғы 15 қаңтарда жоспарланған.