Ақмола облысының мамандандырылған сотының үкімімен Ерейментау қаласының шетіндегі жеке үйде есірткі зертханасын ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топ сотталды. Бас прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, жоғарыда аталып кеткен топ кейіннен Астана аумағында сату үшін аса ірі көлемде синтетикалық есірткі өндірісін іске асыруды көздеген.
Трансұлттық қылмыстық топтың құрамында Украина мен Молдова азаматтары болған. Оларды ұстау кезінде қылмыс орнынан 10 келі мефедрон мен 17 келіден астам прекурсорлар, сондай-ақ синтетикалық есірткі өндіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар табылды
Қылмыстық іс Ерейментау ауданының прокуратурасымен сотқа жолдану барысында, аталған тұлғалардың әрекеті трансұлттық ұйымдасқан топ ретінде сараланған.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.
Ұйымдастырушы 23 жылға, ал сыбайластары 22 жылға мүлкі тәркілене отырып, бас бостандықтарынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.