Қытай ғалымдары, Өзбекстан мамандары Қазақстан және Ресей ғалымдарымен бірге Арал өңірінде қоршаған орта мен экология бойынша дала экспедициясын жүргізеді.
Sputnik.kz басылымының дерегінше, Қытай, Қазақстан, Ресей және Өзбекстан ғалымдары тамыз айының соңында Арал өңірінде дала экспедициясын жүргізеді, деп хабарлады Қытай ғылым академиясының Шыңжаң экология және география институтының директоры Чжан Юанмин. Ол бұл туралы Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің «Дуне» агенттігіне берген сұхбатында айтты.
«Тамыздың соңында Қытай ғалымдары, Өзбекстаннан келген мамандар Қазақстан және Ресей ғалымдарымен бірге Арал өңірінде қоршаған орта мен экология бойынша дала экспедициясын жүргізеді», – деді Чжан Юанмин.
Ғалымның айтуынша, халықаралық далалық жұмыс топтары негізінен топырақ қасиеттеріне, су режиміне, өсімдіктерге, биоәртүрлілікке, сондай-ақ даладағы ландшафттық зерттеулердің кейбір түрлеріне назар аударады.
«Осындай дала жұмыстарының арқасында біз нақты деректер мен Арал өңіріндегі қазіргі жағдайдың талдауын аламыз, бұл аумақты қалпына келтіруге маңызды қадам болады», – деді Қытайдан келген институт директоры.
Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан Арал теңізі 1960 жылға дейін көлемі бойынша дүние жүзінде төртінші көл болды. Соңғы елу жыл ішінде оның аумағы үш есеге жуық қысқарды, су деңгейі 30 метрге жуық төмендеді, ал су көлемі 15 есеге қысқарды. Тұздылығы да артып, балықтар жойылды.