Қазақстандық жанкүйерлер Алматы қаласының әуежайында Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен қола жүлдегер Ғұсман Қырғызбаев бастаған дзюдодан Қазақстан құрамасын күтіп алды.
Парижде өткен XXXIIІ Олимпиада ойындарына қатысқан дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының алғашқы легі елге оралады. Оның ішінде Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен қола медаль иегері Ғұсман Қырғызбаев та бар. Оларды қарсы алуға ата-анасы, достары, БАҚ өкілдері және жанкүйерлері келді.
«Кішкентайынан бауырларымен спорт залға өз аяғымен барған еді. Баламның алтын әкелетініне сенімді болдық. Тіпті сол үшін үйді жаңартып, жөндеулер де жасап қойдық. Маған ол «Әке, алтын алам» деп сенімді айтқан», – дейді чемпионның әкесі Бақтыбай Сметов.
Айта кетейік, дзюдошылар Олимпиаданың алғашқы екі күнінде бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Алғаш рет Елдос Сметов 60 келіде чемпион атанды. Сондай-ақ 66 келіде Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдеге ие болған.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан жетінші орынға тұрақтады. Жалпы, Париж төрінде Сметов пен Қырғызбаевтан бөлек, Данияр Шамшаев (73 келі), Абылайхан Жұбаназар (81 келі), Нұрлыхан Шархан (100 келі), Абиба Әбужақынова (48 келі), Эсмигуль Куюлова (63 келі), Камила Берліқаш (+78 келі) күресті. Медаль Сметов пен Қырғызбаевқа ғана бұйырды.