Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дағыстандағы православие шіркеуі мен синагогаға лаңкестік әрекеттер жасалып, соның салдарынан дін және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қаза болуына байланысты Ресей Президенті Владимир Путинге көңіл айтты.
Қазақстан Президенті құқық қорғау жүйесі арқылы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы адамзатқа қарсы жасалған мұндай әрекетті үзілді-кесілді айыптайды, сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдар аясында лаңкестікпен күресу үшін көпжақты ынтымақтастықты дамытуды қолдайды.
Лаңкестер Махачкала және Дербент қалаларында шабуылдады. Атыс барысында діни қызметкер мен күзетші қаза тапқан.
Қазіргі уақытта лаңкестердің нақты саны белгісіз. Жергілікті ақпарат құралдары шабуыл жасаушылардың екеуі Дағыстанның Сергокалин ауданының басшысы Магомед Омаровтың балалары болуы мүмкін деп жазады. Сонымен бірге жергілікті ақпарат көздері шенеуніктің отставкаға кету туралы өтініш жазғанын хабарлаған. Қазір ол ұсталып, үйінде тінту жүргізілуде.
Төрт содырдың көзі жойылды. Олардың арасында аудан басшысының ұлдары бар-жоғы әзірге белгісіз. Сондай-ақ атыс кезінде 7 полицей мерт болып, 12 полицей жараланған. Күрес әлі жалғасып жатыр. Қаладан шығар жолдар толықтай жабылған. Әр көлік тексерілуде.