Алматы тұрғыны Азина Сәду TikTok желісінде Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігінің қыздарын салыстырып, солтүстікте туып-өскеніне қуанатынын айтты. Ол өз парақшасында осы тектес видео түсіріп, оңтүстік қыздарына үндеу жасап жүр. Оның сөзінше, оңтүстік жақтың қыздары өздерін бағаламайды, құл боп кетеді.
«Алматыда үш жыл тұрып, Солтүстік Қазақстанның тәрбиесі оңтүстіктегіге қарағанда әлдеқайда жақсы екеніне көзім жетіп жүр. Оңтүстік Қазақстанда қыздарды кішкентай кезінен құлдыққа тәрбиелейді. Мен өзіміздің солтүстігім үшін қуаныштымын», – деп жазба жариялады Азина Сәду.
Осыдан соң оған TikTok қолданушылары түрлі пікір жазып, хат жіберіп жатыр. Бірі келіссе, енді бірі оны «мәңгүрт» деп сөкті. Әйел «оңтүстіктің қыздары» деп қай өңірдің адамдарын айтып тұрғанын нақтылады.
«Оңтүстіктің қыздары деп тұрғанымның көбі – Шымкент, Шымкенттің арғы жағы және шекараға жақын жерлердің қыздары. Ол жақта жүдеп, қажып, қиналып кеткен әйелдер көп. Олар оқу, білім туралы білмейді, ойламайды, 5-6 баладан туады. Осы жағдайына қарамай олар кедейлік және күйеуге, ата-енеге бағыну одан сайын күшеюіне сеп болып отыр. Ата-енесіне өлгенше қарау, бүкіл айтқанын істеу бар, сосын ерлер тарапынан абьюз көп. Себебі олар «қыз, әйел туғаннан бастап біреуге қызмет етіп қана өмір сүреді» деп біледі», – дейді Азина Сәду.
Оның айтуынша, оңтүстіктің жігіттері жұмыс істеп қалған қыздардан қорқады. Өйткені олар өздеріне сенімсіз және білімсіз. Сондықтан өздеріне де сондай білімсіз және жұмыс істеп көрмеген қыздарды алады. Ал солтүстікте жігіттер әйелдерімен мақтанады, себебі әйелдер оларға досы да, әріптесі де бола алады. Ол өзінің осындай видеолары, жазбалары арқылы оңтүстік қыздарына қарсы шықпайтынын, керісінше оларға «өздеріңді бағалаңдар» деп айтқысы келетінін жеткізді.
«Оңтүстіктің қыздары – өте күшті қыздар. Олар өте пысық, еңбекқор, қолынан келмейтіні жоқ, тәрбиесі жақсы. Өзім сұлулық саласында жұмыс істеймін және оңтүстіктің қыздарының оқиғасын көп естимін. Оңтүстікте тұрмыстағы зорлыққа көнетін, шыдайтын әйелдер өте көп. Иә, сіздерді жақсылап тәрбиелейді, бұған келісемін. Бірақ сіздерді бала күндеріңізден бағынышты болуға, құл болуға тәрбиелейді. Оның үстіне қыздардың аз бөлігі ғана білім алған. Біразы 18-19 жасында тұрмысқа шығады, өмірде ештеңе көрмейді. Үнемі орамалымен жүреді, сәлем салады. Құдай-ай, еркектер Құдай емес қой! Қорқынышты оқиғаларды көп тыңдадым, оңтүстіктің жігіттері сондай тиран. Оларға бәрібір, қыздың жағдайы не болатынын ойламайды. Олар әйелдеріне 5-6 баладан туғызады. Бірақ артында ештеңесі, жиғаны жоқ. Айына 200 мың теңге айлық алғандарына мәз. Соны отбасымды асырап отырмын дейді. Негізі ол асырап отырған жоқ, кедейлендіріп отыр. Кейбіреулер тіпті 200 мыңды да алмайды», – деп күйінді әйел.