Алматыда автокөлік саны биыл күрт артқан. Тұрғындардың 65 пайызы жеке машинасымен жүріп-тұрады. Бұл әлем елдерінің астанасымен салыстырғанда тым көп. Мәселен, Парижде тұрғындардың 11 пайызы, ал Мәскеуде 40 пайызы жекеменшік көлікпен жүреді. Ал шаһарда темір тұлпарлардың шамадан тыс көбеюі ауаның ластануына әкелетіні анық.
Бұл мәселені шешу үшін енді мегаполисте автотұрақтардың қатарын көбейтіп, машина санын азайтып, қоғамдық көліктерде қатынау үлесін 64 пайызға ұлғайту көзделіп отыр. Соның нәтижесінде тұрғындар жолға қазіргіден қарағанда үш есе аз уақыт жұмсайды.
Алматыда соңғы екі жылда тіркелген автокөліктердің саны 24 пайызға өскен. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40 пайызға жетуі мүмкін. Алып шаһардың бұл ауқымды мәселесі 2030 жылға дейін шешімін таппақ.
«Қазір Алматы бойынша 23 тасымалдаушы бар. Оның біреуі – коммуналдық мемлекеттік тасымалдаушы. Күнделікті қалада 2400-дей автобус және 158 троллейбус қызмет етеді. Халықты қоғамдық көлікке ынталандыру, өздеріңізге біз айтпай-ақ белгілі. Автобустарымыз қазір жаңа, заманауи», – деді Алматы мобильді басқарма қоғамдық көлік ұйымдастыру бөлімінің басшысы Азамат Ершанқұл.