Шығыс Қазақстан диқандары өткен жылғы шығыннан әлі айыға алмай отыр.
Шығыс Қазақстанда былтырғы астық өнімінің төрттен бір бөлігі қамбада қалды. Диқандар шығыннан әлі айыға алмай келеді. Биылға болжанған құрғақшылық жағдайды күрделендіре түсе ме деп алаңдайды. Ірі шаруа қожалықтары төтеп бергенімен, орта және шағын шаруашылықтар банкротқа ұшыраудан қорқады.
«Біз ресейлік астықпен бәсекеге түсе алмаймыз, олар қазірдің өзінде төмен бағамен елімізде сатылуда. Бір тоннаға шамамен 50-ден 70 мың теңгеге дейін. Сайып келгенде, біз өзіндік құннан төмен кетеміз», – дейді «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС бас директоры Фарид Әбітаев.
Әкімдіктің мәліметінше, биыл егіс алқабы 7 мың гектарға ұлғаяды. Өткен жылғы тәжірибені ескере отырып, дәнді дақылдар аз егіледі. Ал майлы дақылдар мен жем-шөпке басымдық беріледі.