Астанада 26 сәуірге дейін жалғасатын Satty Zhuldyz шахмат фестивалі өтіп жатыр. Турнирдің негізгі мақсаты – шахмат спортын насихаттау. Турнирдің жүлде қоры 120 млн теңгені құрайды.
Сондай-ақ, фестиваль аясында жас шахматшылар Қазақстаннан шыққан бірінші Әлем чемпионы Бибісары Асаубаеваның Кубогы үшін күреседі.
– Он жыл бұрын мен шахмат әлемінде өз жолымды енді ғана бастаған едім, көптеген турнирлерді көріп, өзім бір кездері әлем чемпионы болуды армандадым, бақытыма орай, сол арманыма жеттім, – деді Бибісара Асаубаева.
Фестивальдің демеушілері қатарында Қазақстандық шахмат федерациясы, “Баян Сұлу” АҚ, ABChess және т.б. компаниялар бар. Балалар турнирі басталар алдында жас шахматшыларға ойлау процесін жақсарту үшін “Баян Сұлу” фабрикасының “Қазақстандық шоколады” табысталды.
– Біз отандық компания ретінде спортшыларымыздың әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындыру ниетін қолдаймыз. Шахмат көп ақыл-ой күшін қажет етеді және біздің шоколад қатысушыларға күш-қуат бергеніне қуаныштымыз, – дейді “Баян Сұлу” АҚ Басқарма төрағасы-президенті Тимур Садықов.
Бибісара Асаубаева Кубогы үшін барлығы 300 бала додаға түседі. Жарысқа қатысушылардың көп болуы өскелең ұрпақтың шахматқа деген жоғары қызығушылығының көрсеткіші.
– Шынында да шахматқа қызығушылық артып келеді. Мен шахматты насихаттауға үлес қосып жатқанына қуаныштымын, – дейді 14-әлем чемпионы, Әлем кубогының иегері, шахматтан үш дүркін Олимпиада чемпионы Владимир Крамник.
Фестивальден тікелей эфирлерін Twitch және YouTube-тен көруге болады.
Фестивальдің толық бағдарламасымен арнайы сайтта танысуға болады.