Елде төтенше жағдай жарияланып, той жасауға тыйым салынғанымен, кейбірі жоспардан ауытқуды қаламаған.
«Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес, төтенше жағдай режимі кезінде бірінші кезекте қоғамдық тәртіпті сақтау қатаң бақылауға алынды. Стратегиялық маңызы бар объектілерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Адамдар көп жиналатын орындардың қызметіне сағат 22.00-ден кейін шектеу қойылды. Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салынды.
Соған қарамастан, облыс бойынша төтенше жағдай кезінде режимді бұзып, сағат 22.00-ден кейін жұмыс істегені үшін 20 кафе-тойхана және үйінде той өткізгені үшін 2 үй иесіне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабымен хаттама толтырылды», – деп мәлімдеді Қызылорда облысының прокуратурасы.
Естеріңізге сала кетейік, 15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялаған. Сол кезде той жасауға тыйым салынған еді.
«Ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ отбасылық, салт-дәстүр іс-шараларын өткізуге тыйым салынсын»,
– деп жазылған Тоқаевтың қаулысында.
Президенттің жаңа қаулысы бойынша, мейрамхана қожайындарына салтанатты шаралар өткізбеу туралы ескерту жасалған. Бұл ескертуге құлақ аспай, іс-шара өткізгендер ҚР әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабы («Төтенше жағдай режимін бұзу») бойынша, мекеме қожайындары 10-15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе 10 күнге дейін мерзімге қамалады.