Нұр-Сұлтан
Қазір
-1
Ертең
-14
USD
495
-0.33
EUR
521
-1.69
RUB
4.91
-0.03

«Қақпанға» түсіп қалмаңыз: коронавируске қатысты жағдайды пайдаланған алаяқтардың айласы

323
Сурет: disk-c-games.ru

2020 жылдың 16 наурызынан 15 сәуіріне дейін халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның барлық аумағына төтенше жағдай режимі енгізілді. Нұр-Сұлтан мен Алматыда 19 наурыз күні сағат 00-ден бастап карантин жарияланды. Барлық ақпараттық парақша мен әлеуметтік желі COVID-19 туралы жаңалықтарды жарыса жазды. Көптеген банктер мен компаниялар қашықтықтан жұмыс істеу режиміне көшіп, қазақстандықтар онлайн-төлемдерді көбірек пайдалануда. Әлемдегі коронавирус пандемиясына қатысты жағдайды қаржы алаяқтары өз пайдасына жаратуда.

Арам пиғылдылар халықтың қаржысын ұрлауға арналған түрлі алаяқтық жүйелерді әзірлеп, іске асыруда. Қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері қаржы алаяқтарының жымысқы әрекеттері туралы ақпарат таратты. Fingramota.kz алдап-арбау амалдарының жиі кездесетін бес түрі туралы жазып, қазақстандықтарға қаржы алаяқтарымен күресудің жолдары туралы айтты.

Басты қулықтар

  1. Тәсілдердің бірі банктердің және басқа да қаржы ұйымдарының фишингтік сайттарын, медициналық маскалар мен дәрілік препараттарды сататын интернет-дүкендер мен дәріханаларды құрумен байланысты болуы мүмкін. Пайдаланушыларға олардың төлем карталарындағы құпия деректерді енгізуді ұсынып,  нәтижесінде картадағы барлық сомманы шешіп алады. Сондай-ақ  ақша төлегенімен, тауарды жеткізіп бермейтін жағдайлар да кездеседі.
  2. Алаяқтар өздерін қаржы ұйымы ретінде таныстырып, азаматтарға төмен пайыздық мөлшерлемемен ірі сомаға кепілсіз кредит ресімдеп, алыпсатарлық қызметпен ақша табуды ұсынады. Олар төтенше жағдайда немесе карантин кезінде кредитті кешіктіріп жапсаңыз да үстемеақы төлемейсіз деп уәде береді.
  3. Алаяқтар әлеуметтік желілерде немесе WhatsApp жарнамалық кампанияны іске қосып, салымдар бойынша үлкен пайыздар беріледі деп сендіреді. Бұл үшін тек бір ғана салым жасау керек дейді. Осындай жағдайлардың қаржы пирамидасына қатысты екенін ұмытпаңыздар. Қырағы болып, өз қаражатыңызды күдікті ұйымдарға сеніп тапсырмаңыздар. 
  4. Кейбір елдерде алаяқтар коронавирус туралы ақпараты бар электрондық хаттарды жібереді, онда дербес деректерді енгізу немесе банк операцияларын жасауды қажет ететін түрлі сілтемелер көрсетілген. Осылайша олар пайдаланушылардың белгілі бір сілтемелерді ашуын сұрап, ал өздері бұл уақытта оның төлем деректерін алып үлгереді. Мысалы, киберқылмыскерлер пайдаланушыларға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының атынан жазылған  хаттарды жіберіп, инфекциямен күреске қайырымдылық жасауын сұрау арқылы төлем карталарының мәліметтерін алады.
  5. Вишинг-алаяқтар түрлі қулық-сұмдықтарға барады. Ауру жұқтырған адамдардың аңқаулығын мен сенгіштігін пайдаланып,  оларға түрлі медициналық қызметтердің ақысын онлайн-төлемдер арқылы төлейді ұсынады. Бұл үшін ақша шешуге қажетті ақпаратты: ЖСН, карта мәліметтері, SMS-хабарламамен келген кодты сұрап алады. 

Қауіпсіздік шаралары

Алаяқтықтың әдістері мен түрлері көп болуы мүмкін, ең бастысы бірнеше қарапайым ережелерді сақтау керек. Олар:

  1. Төлемдерді растау үшін пайдаланылатын құпия сөздерді , кодтарды немесе басқа да құпия деректерді ешкімге ешқашан хабарламаңыз. Қазіргі заманғы қауіпсіздік жүйелері құпия сөздер мен кодтар басқа адамдарға берілмейтіндей етіп жасалады.
  2. URL мекенжайын тексеріңіз. Әсіресе бейтаныс жіберушілерден алынған сілтемелерге мұқият қарау керек. Арампиғылдылар көбінесе  ұқсас домендерді пайдаланады.
  3. Құпия ақпаратты, мысалы паролді енгізуді қажет ететін сайттарда Https:// префиксінің болуын тексеріңіз.
  4. Қазіргі браузерлердің көпшілігінде жаппай фишинг-шабуылдарға қарсы әрекет етудің кіріктірілген тетіктері бар. Браузердің қауіп туралы хабарламаларына назар аудару қажет.
  5. Егер ұйым сайтының немесе парақшасының сенімділігіне күмән келтірсеңіз, осы ұйыммен хабарласып, ақпаратты нақтылаңыз. Әсіресе сіз өзіңіздің интернет-банкинг жүйеңізді пайдаланып, төлем жасағыңыз келсе мұқият болыңыз. Банкке қоңырау шалып, ақпаратты анықтаңыз. Есіңізде болсын, банк менеджерлері клиентке бірінші болып қоңырау шалмайды, сондықтан егер сізге қоңырау шалып, шотыңыздағы түсініксіз транзакцияларды оқшаулау үшін SMS кодты хабарлауды сұраса, сөйлесуді аяқтап, бірден қызмет көрсетуші банкке хабарласыңыз.

Қол қойған құжаттардың барлығын мұқият оқып шығыңыз, жазылған мәліметтердің дұрыстығын тексеріңіз.

Алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, қайда хабарласу керек?

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және COVID -19 таратылуына жол бермеу мақсатында қаржы қызметтерін тұтынушылар өз құқықтары бұзылған жағдайда Агенттікке қашықтықтан хабарласа алады:

  • өтінішті электронды пошта арқылы немесе жазбаша өтінішті курьер қызметін пайдаланып жолдауға болады. Агенттіктің хат-хабарларды қабылдауға арналған пошта жәшігі Агенттік ғимаратының №1 кіреберісінде орналасқан. Оның мекенжайы: А15С9Т5, Алматы қ., Көктем-3 ықшам ауданы, 21-үй, байланыс телефоны: +7 (727) 2619 200;

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қажетті жедел ақпарат алу үшін:

  • Агенттіктің қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау Департаментінің (бұдан әрі – Департамент) директоры Александр Терентьевтің электрондық поштасына: TAL@finreg.kz немесе +77011110471 телефоны бойынша;
  • департамент директорының орынбасары Ксения Кулиеваның электрондық поштасына: Kseniya.Kaliyeva@finreg.kz;
  • қаржы өнімдері мониторингі басқармасының бастығы Рүстем Оспанқұловқа: Rustem.Ospankulov@finreg.kz;
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру мәселелері бойынша  Департаменттің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесін дамыту басқармасының бастығы Мениса Хуснутдинованың электронды  поштасына: Menissa.Khusnutdinova@finreg.kz немесе «Ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы бойынша жиі қойылатын сұрақтарға жауап» баннеріне (www.finreg.kz және www.fingramota.kz) басу арқылы;
  • халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша департаменттің қаржылық сауаттылық басқармасының бастығы Сәуле Ынтықбаеваға электронды пошта арқылы: Fingramota@finreg.kz;
  • +77089332780 нөмірі бойынша WhatsApp-тағы «жедел желі», сондай-ақ www.finreg.kz және www.fingramota.kz сайттарындағы «Кері байланыс» бөлімінің электрондық мекенжайы арқылы;
  • аумақтық қатыстылығы бойынша аймақтық өкілдердің басқармасына жүгінуге болады.
Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 info@365info.kz, +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз