Қалаға кіре беріс жерде орнатылатын 27 блок бекетте дәрігерлер кезекшілік атқаратын болады.
Бұл туралы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары хабарлады.
— Әрбір блок бекетте санитарлық қызмет қызметкерлері жұмыс істейді. Олар коронавирус жұқтыруы мүмкін деген адамдарды уақытылы анықтап, оқшаулайды. Тепловизорларды қолданады. Әрбір блок бекетте барлық қажетті аспаптар жеткілікті көлемде болады. Жоғары температура анықталған жолаушылар келген жеріне қайтарылады. Аймақтық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттеріне олар туралы ақпарат беріледі, — дейді ұйым өкілі. Бұл туралы Tengrinews.kz. хабарлайды.
Сондай-ақ блок бекеттерде «Сергек» камера жүйесі орнатылатыны белгілі болды.
— Барлық бекеттерде «Сергек» камералары орнатылып, іске қосылды. Олар Жедел басқару орталықтарымен тығыз байланыста, барлық материалдарды талдап, жұмыс барысында пайдаланатын боламыз. Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылады.
Стратегиялық маңызды нысандар да ерекше бақылауға алынады. Қылмыстық істер жиі жасалатын аумақтар да қадағалауда. Периметр бойынша қосымша жасақтарды қоямыз. Жаяу және автокөлікпен патрульдеу жұмыс істейді, — деп түсіндірді Алматы қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов
Коронавирус инфекциясының таралу қаупі төндендіктен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында 19 наурыздан бастап карантин режимі енгізіледі.