Президент жолдауынан кейін мұғалім мәртебесі туралы әртүрлі әңгімелер, ұсыныстар талқылана бастады.
Ең бірінші орында тұрған мұғалімдердің зейнет жасы. Расында қазір білім саласындағы реформа, кездесіп жатқан қарама-қайшылықтар, жергілікті органдардың жауапсыздығы мен заңды орындамауы, «цифрлы Қазақстан» жобасы «аясында» өткізіліп жатқан, әсіресе kundelik.kz яғни, электронды журнал толтыру мәселесі жүйкені жұқартып жібергені рас.
Бұл туралы кейінірек тоқталамыз.
Мұғалімдердің ішінде зейнет жасына жетпей, зейнетке шығып бір-екі жылдан кейін өмірден өткен ұстаздарымды көргенде бір жағынан тағдыр шығар дейсің, дегенмен ойлануға тура келеді.
Сондықтан мұғалімнің зейнет жасын қысқарту кезек күттірмейтін мәселе.
Мұғалімдердің барлығы зейнет жасы туралы БжҒМ, мұғалім мәртебесі туралы заңда қарастырылса дейді.
Бірақ мұғалімдердің зейнет жасын қайта қарау мәселесі Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырында.
Екінші орында материалдық техникалық база туралы. Білім туралы заң бойынша мектептерді керек-жарақпен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органның еншісінде.
Мектептерге кеңсе тауарлары, принтер, компьютер жөндеу, картридждерін ауыстыру, оған сия құюды да жергілікті атқарушы орган ҚР білім туралы заңының 6 бабына сәйкес беруге тиіс.
Бірақ бұл көп жерлерде берілмейді. Заң орындалмайды.
Бәлкім, сотқа беріп, заңды құқығымызды талап ету керек шығар.
Үшінші орында тұрған сұрақ, бұл мұғалімдердің баспасөзге жазылуы туралы. Бұл туралы да бұрыннан айтып келеміз.
Мұғалімді газеттер мен журналдарға ешкім мәжбүрлеп жаздыра алмайды.
Егер мәжбүрлеу болатын болса, мәжбүрлеген адам заң алдында жауапты. Бұл еліміздің Конституциясы бойынша жеке азаматтардың құқықтарына қол сұғу және кемсітушілік сипатта қарастырылады.
Қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылады.
Мәжбүрлеген адам сол үшін бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Өкінішке қарай, біз заңға жүгіне бермейміз.
Баспасөз мәселесі тікелей мұғалімнің өзіне байланысты.
Төртінші орында тұрған – сенбіліктер. Бұл совет одағынан қалған сарқыншақ әдеттердің бірі. Ол кезде бұны ақша үнемдеу үшін жасайтын.
Қазір жетпейтін ақшаның орнын жабу ма дейсің. Қарсылық жоқ, тазалығысы келгендер бара берсін, бірақ сабақтан тыс уақыттарда.
Сонымен қатар, мектептің маңайының шөбін жұлу т.б. қызметтер де қосылып кеткен. Жұмыс беруші мұғалім мен жасалған келісім шартта көрсетілмеген жұмысқа мұғалімдерді жегуге құқығы жоқ.
Сонымен қатар ол туралы ата заңымызда, білім туралы заңда көрсетілген. Енді мұғалім өзі талап етіп шыға алмаса, айтпаса кім кінәлі?
Педагог қызметкерлерді өз қызметімен байланысы жоқ жұмыстарға салуға тиым салынған.
Мереке (демалыс) күндері кезекшілік қою да заңға томпақ келеді. Қойылған адамға қосымша ақша төлену керек немесе басқа күндер есебінен демалыс берілуі керек.
Бесінші орында қағазбастылық. Министрлік қағазбастылық азаяды дегенмен, жаңартылған мазмұндағы білім беру реформасы қағазды азайта алмай отыр. Бұрынғыдан екі еселенді десек те болады.
Сабақ сайынғы формативті бағалау, бөлімдік жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау т.б. қағазды көбейте түспесе, азайтқан жоқ.
Әзірге мұғалімдер интернетте НЗМ дайындаған осы дүниелерді тапсырып жүр.
Интернеттен мұғалімдер ғана емес оқушылар да алуды үйренді. Жиынтық бағалауды әр мұғалім негізі өзі де жасауына болады. Бірақ уақыттың тапшылығы қолбайлау болып тұрғаны.
Алтыншы орын kundelik.kz сайты арқылы толтырылатын электронды журнал мәселесі. Кейбір жерлер екеуін де толтырып отыр. Бұл жобаны тікелей мұғалім қалтасын қағуға келген бе дерсің. Шет аудан түгіл қаланың іргесінде тұрып, интернет шешілмеген жерлер бар.
ИНТЕРНЕТ іздеп сабылған мұғалім.
Кейбірі өзінің қалта телефонынан кіріп кейбірі басқа жақтан әріптестерін көмекке шақыруға мәжбүр. Оның үстіне рейтинг қуалау деген тағы бар.
Неге мұғалім күнделікке кіргісі келмейтін ата-ана мен оқушының (жағдайы келмеуі де мүмкін) орнына кіріп клоун болуы керек?!
Электронды күнделікке кірмейтін ата-ана үшін журналға түсіндірме жазуы керек? Бұрыннан айтып келеміз, алдымен жағдайын жасау керек мектептердің. Өгіздің мұрнын жұдырықпен тескенді қою керек.
Жетінші орын жұмыс аптасы туралы. Қазір мектептерде бес күндік жұмыс аптасы. Мұғалімдер үшін алты күндік жұмыс аптасы. Заң не дейді?
Мұғалімнің ақша төленіп отырған сағаты 18 сағат. Басқа ештеңеге төленбейді. (қосымша жұмысы болмаса) Аптасына 40 сағат жұмыс уақыты делік. 18 сағат астраномиялық сағатқа толмайды.
Осы уақыттың ішіне мұғалімнің мектепте жүрген уақыты (үзіліс) жиналыстарға қатысуы, дәптер тексеру, шараларға қатысы, үйде сабаққа дайындалғаны, түннің ортасына дейін ұйқы көрмей электронды журналды толтыруы барлығы осы 40 сағаттың ішіне кіреді.
Сонда мұғалімнің жұмыс уақыты 40 сағаттан асып кетеді.
Ал директорлар болса, сенбі күні де мұғалімдердің мектепте жүргенін қалайды. 5 күндік сабақ деп 8 сағат сабақты 5 күнде «қылқынып» өткеннен гөрі 6 күн өткен әлдеқайда жеңіл. Сондықтан мектеп директорлары да ойлану керек. БжҒМ де ойланар.
Білім саласында көлденең көк аттылардың медаль саудасына тиым салу керек.
БжҒМ мектептерді әкімдіктерден бөліп алса деген де ұсыныс жиі көтеріліп жүр. БжҒМ барлығын әкімдікке ысыра салып отырмас еді.
Әкімдік те мектепке қарап, тегін жұмысшы іздеп «ұлымас» еді.
Сонымен қатар, биылдан бастап мектеп директорларын сайлау бастамасы да көтеріліп жатыр. Дұрыс, дегенмен мектеп директорын мұғалімдерге сайлату керек. Мұғалім сайлаған директор әкімдерден гөрі мұғалімдердің жағдайын ойлайды.
Енді бір мәселе аттестациялық тест мәселесі. Тестпен мұғалімнің дәрежесін өлшейтіндей мұғалім АҚПАРАТ ТАСЫМАЛДАУШЫ емес, ол оқытушы! Көрінгеннің проектісінде, құжатында көрсетілген дүниені білуге міндетті емес.
Әркімнің өз методикасы, негізге алып отырған ақпарат көздері бар. Мұғалімнің кәсіби шеберлігі, өзінің жасап жүрген жұмыстарын өз методикасын дәлелдеуі керек. Сондықтан біліктілікті тестпен өлшеген дұрыс емес!
Қазіргі заманда ақпарат күнде өзгереді. Кез-келген ақпаратты әркім әр жерден ала-алады. Мұғалімнен террабайттық флешка жасағанды доғаратын уақыт жетті.
Жаңартылған мазмұндағы білім беру жүйесі қағазға көміп қойды.
Бас көтертпейді. Керексіз жақтарын сіз-болып біз болып алып тастауды талап етуіміз керек, осылай жалғаса берсе таяу уақытта мектепте мұғалім таппай қалуымыз да ықтимал.
Білім және ғылым министрлі осы жайттарды ескерсе дейміз.
М. Темірбек,
«Мұғалім мәртебесі» қоғамдық
бірлестігінің төрағасы
Дереккөз: Ұлт порталы