Нұр-Сұлтан
Қазір
-13
Ертең
-6
USD
516
+0.32
EUR
536
-0.13
RUB
5.18
0.00

Олжас Сүлейменов: “Біздің лозунг – жаһандық ауқымда ойлау”

144

Өз тәуелсіздігінің бастауында қатерлі қарудан бас тартқан жас мемлекет содан бері әлемдік ядролық қарусыздану ісіне елеуі үлес қосып келеді. Халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының көп жылдық еңбегі, БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің жалпыға бірдей декларациясына қол қоюы, «АТОМ» халықаралық жобасын қолға алу, «Бейбітшілік. ХХ ғасыр» манифесінің қабылдануы – соның дәлелі. Жапония сынды атом бомбасынан зардап шеккен тағдырлас мемлекетпен антиядролық қозғалыс аясында тығыз қарым-қатынас орнатып, әлемде ядролық қарусыздану идеясының кеңінен таралуына ықпал етіп келеді.

Жақында Тұңғыш Президент – Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты Гои бейбітшілік қорымен бірлесе өткізген «Ядролық қарусыздандыруда қазақстандық-жапониялық ынтымақтастық: бір тағдыр, ортақ мақсаттар» халықаралық конференциясында Қазақстан мен Жапония бүкіл әлем ядролық қарусыздану бағытындағы мақсаттарға қол жекізуге бірлесе күш салуы керек деген үндеу тастады. Конференция ядролық қарусыздандыру және оны әлемде таратпау процесінің дағдарысы, ядролық қарусыздандырудың жаһандық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстан мен Жапонияның рөлі, ядролық қаруға толыққанды тыйым салудың және оны жоюдың басты себебі секілді мәселелерге арналды.

Жиында сөз алған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатаң саяси ерік-жігерін және Қазақстан халқының толық ядролық қарусыздандыруға қол жеткізуге бейімділігін, сондай-ақ мемлекетаралық және азаматтық қоғам деңгейінде күш-жігер жұмылдыру қажеттігін атап өтті. Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының қарусыздандыру саласындағы бастамаларының тарихи маңыздылығына басымдық беріп өтті.

Расында да, атом жарылысынан қатты зардап шеккен мемлекеттердің тағдырлары ортақ. ХХ-ші ғасырдың ең қатерлі қаруына айналған атом бомбалары қазақ жерінде 40 жылдан аса жарылғаны белгілі.

1991 жылы Семей ядролық полигонын жабу туралы, 1,5 жылдан соң ядролық қарудан түбегейлі бас тарту туралы шешім шығарған кезде, әлем бойынша 4-ші орындағы ядролық арсеналда 1150 оқтұмсық болған.

Конференция барысында сөз алған Гои бейбітшілік қорының және «Бейбітшілік туралы ғибадат» қоғамының президенті Хироо Сайонджи Қазақстанның бұл қадамы ядролық қарусыз әлемге жол ашқандығын атап өтті. Қос елдің ядролық жарылыстан келген зардапты әлі шегіп келе жатқанын да тілге тиек етті:

«Ядролық қарудың қаншалықты қорқынышты екенін тек басынан өткергендер ғана түсіне алады. Меніңше, өткен күннің бұл ауыр белгісі уақыт жылжыған сайын естен шықпауы керек. Сондықтан болашақта адамзат кешегі күннің қателігін қайталамас үшін, келер ұрпаққа оны дұрыс түсіндіруде Қазақстан мен Жапония сияқты екі елге үлкен жауапкершілік жүктеліп тұр», – деді Хироо Сайонджи.

Өйткені БҰҰ-ның Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің жалпыға бірдей декларациясына әлі күнге дейін қол қоймай келе жатқан мемлекеттер бар.

Заманауи ядролық қарулардың жойғыш күші Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Нагасаки мен Хиросимаға тасталған бомбалардан өзгеше. Оған қоса, қазір әлемдегі ядролық қару-жарақтың саны бүкіл адамзат пен табиғатты жойып жіберуге жеткілікті. Былайша айтқанда, егер де ядролық қару бір кездері қолданылуы мүмкін деп ойласақ, бұл тек бір аймақтың немесе мемлекеттің ғана емес, бүкіл адамзаттың трагедиясына айналады. Сондықтан бүлік пен ойранның болғанын қаламасақ, ядролық қаруды да қолданбауға тиіспіз. Яғни, қазір адамзаттың қолында тіптен керексіз дүние көп болып тұр. Ендеше, пайдалануға еш мүмкіндік жоқ дүниені үлкен еңбек жұмсап шығарып, ақша шығындап ұстап отырудың қажеттілігі қанша? Бұл – өзгелерге төтеп беру үшін қажет деген пікір бар. Расында, суық соғыс кезінде осындай рөл атқарғанын жоққа шығармаймын. Алайда «төтеп беру» болашақ үшін тиімді ме, сол жағы бұлыңғыр, – деп пайымдайды сарапшы.

Маманның пікірінше, «қазіргі кезде ядролық қарудан бас тартпай отырған мемлекеттердің көшбасшылары өте салқынқанды болып, эмоцияның жетегінде шешім шығармауы тиіс. Екіншіден, қарсы тараптың ядролық қаруды қолдану мүмкіндігі туралы ақпарат терең сарапталып, дұрыс бағалануы керек. Меніңше, қателесуге ешкімнің құқығы жоқ. Үшіншіден, ядролық тетіктің байқаусызда басылып кетуінен сақтану қажет. Теракт шабуылдарынан қорғаныс жоғары деңгейде қамтамасыз етілгені жөн. Біз миллионнан бір қателік жібермеуіміз керек».

Ендеше, Хироо Сайонджи қажеттілігі шамалы, қолдануға болмайтын дүниеге орасан қаржы жұмсаудың, оны сақтаудың қажеттілігі шамалы екендігін алған тартады. Өйткені ядролық сынақтың, атом бомбасының зардабы бірнеше ұрпаққа жалғасады.

Семей жеріндегі 40 жылдық сынақ мыңдаған қазақ отбасына кесірін тигізді.

Полигонның жабылғанына 30 жылға жуықтаса да, бұрынғы жарылыстардан тараған, топыраққа сіңген радиация қоршаған орта мен адамдарға әлі зиянын тигізіп тұр.

Менің әке-шешем ядролық сынақтың тірі куәгерлері еді. Отбасым кезекті жарылыстан соң жететін радиациялық толқыннан үйіміздің қалай тербелетінін әлі ұмытпайды. Шығармашылық адам ретінде, өзімнің қарсылығымды қылқаламды тіспен, аяғыммен ұстай отырып салған суреттеріммен білдіремін. Өзімнің 50 жылдық ғұмырымның 25 жылын ядролық қаруға қарсы күресуге арнадым Еліміздің ядролық қаруға қарсы ғаламдық бастамаларды көтеруге толық моральды құқығы бар. Ядролық қарудан ең көп зардап шеккен – Жапония мен Қазақстан, сондықтан бүкіл ядролық қару құрбандарының атынан Египет, Үндістан, Иран, Израиль, ҚХР, КХДР, Пәкістан мен АҚШ-тан «Ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің жалпыға бірдей декларациясына қол қойып, бекітіңдер. Келер ұрпақты ядролық сынақтың зиянды салдарынан қорғауға, қауіпсіздікті сақтауға кмектесіңдер. Әлемді жақсы жағына згертетін уақыт жетті. Тек бірлесе отырып қана ядролық сынақтарға толықтай тыйым салуға қол жеткізе аламыз» деп талап етуге құқығы бар. «АТОМ» жобасы осы мақсатта құрылды, оның сайтында ядролық қарусыз әлем құру талаптары жазылған петиция жарияланған. Қазіргі кезде бұл петицияға әлемнің 100 елінен 312 мыңнан аса адам қол қойған. Біздің мақсатымыз – миллионнан астам қол жинау. Әркім жобаның сайтындағы петицияға қол қойып, ядролық қарусыз әлемді құруға өз үлесін қоса алады, – деді «АТОМ» жобасының құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков.

Пікірталас барысында тараптар ядролық қарусыздандыру және таратпау үрдісінің жалғасып келе жатқан тоқырауы, ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу үшін жаһандық күш-жігерді ілгерілетудегі Қазақстан мен Жапонияның рөлі және аталған үрдістерге азаматтық қоғамды кеңірек тарту қажеттігін алға тартты.

Осы ретте Қазақстанның қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының көшбасшысы Олжас Сүлейменов талқылау барысында:

«Біз, қазақстандықтар, бар экожүйелерді сақтау мен сауықтыруға, соның ішінде, ядролық сынақтардан қасірет шеккен тұрғындардың денсаулығын және аймақтар табиғатын қалпына келтіруге күш-жігерімізді салудамыз. Біздің лозунг – жаһандық ауқымда ойлау, тез әрекет ету. Таза ел – таза ғаламшар!», – деп атап өтті.

Жиын соңында Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен Гои бейбітшілік қорының басшылары әлемдік қауымдастыққа ядролық қарусыз әлем құруға бірлесе күш салуға шақырды. Оған қоса, ядролық сынақтың салдары туралы ақпаратты кеңінен тарату мәселесіне мән берілді.

БҰҰ-ның «Бейбітшілік туралы ғибадат» қоғамы адамдарды дініне, діліне, ұлтына қарамастан, бейбітшілік үшін дұға қылуға шақырады. Оның «Адамзат дүниесінде бейбітшілік болсын!» деген ұраны әлемнің бес тіліне аударылған. Ендеше, ядролық қарудан қауіп-қатер азайып, адамзат дүниесінде бейбітшілік болсын дейік…

Серіктестер жаңалықтары
© «365 Info», 2014–2024 [email protected], +7 (727) 350-61-36
050013, ҚР, Алматы қ., «Керемет» ықшамауданы, 7 үй, 39 корпус, 472 кеңсе
Қате байқасаңыз, оны белгілеп Ctrl+Enter басыңыз