Синоптиктер дүйсенбі, 10 қыркүйекте елімізде ауа райының қандай болатынын айтты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі “Қазгидромет” орталығына сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде жаңбырмен бірге найзағай болады. Батыста, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Республиканың кей жерлерінде желдің күшеюі күтіледі, оңтүстікте шаңды дауыл, түнде және таңертең солтүстікте, орталықта, шығыста тұман күтіледі.
“Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде найзағай болады, жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі. Солтүстік Қазақстанда күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Ақмола, Қостанай облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнап, жел күшейеді. Күндіз Қызылорда облысының кей жерлерінде қатты жел, шаңды дауыл соғады. Жамбыл, Түркістан облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жетеді”, – деді мамандар.